Ақпарат

Криминалист болған бір күнім

Былайғы жұрт криминалист мамандардың жұмысын, олардың қылмысты ашудағы қырағылығын, оқиға орнындағы іздерді қалай табатынын біле бермеуі мүмкін. Біз бір күн криминалист болуға бекініп, оның жұртшылық біле бермейтін қырларымен танысқан едік.

Олардың жұмыс уақыты таңғы сағат 8:30-да басталады екен. Таң бозымен келген мені аға криминалист, полиция капитаны Бекзат Манапов пен полиция аға лейтенанты Айжан Абдукадыр қарсы алды. Бұл Кентау қалалық жергілікті полиция қызметіндегі әрбір сақшы үшін күнделікті рәсім. Кейін әркім өзіне жауапты қызметіне барады. Қалалық жедел-криминалистика бөлімінде 4 маман қызмет атқарады. 

Қылмыскерлерді анықтауда криминалист мамандардың еңбегі орасан. Себебі, қылмыс болған жерге алғашқылардың бірі болып барып, айғақтарды жинайтындар да – солар. Десе де, қазір заңды елемейтіндер саусақ ізі арқылы тым сирек ұсталатын көрінеді. Олар жауапқа тартылмас үшін қолғап киіп, әр қимылдарын алдын-ала ойластырып жасайды. Бірақ, криминалистика саласы да бір орында тұрған жоқ. Қылмыс жасағандардың кім екенін анықтаудың амал-тәсілдері жыл сайын жаңарып, жетіліп келеді. Өйткені, күдіктіні анықтау мен қылмысты ашу, оқиға орнынан алынған заттай дәлелдемелер арқылы мән-жайдың ақ-қарасын ажырату – криминалистердің мойнында.

Криминалист үшін әрбір күн – ұсақ-түйекке дейін назар аударуды, шыдамдылық пен кәсіби дәлдікті талап ететін жауапты жұмыс. Оның міндеті – қылмыс орнындағы әрбір із бен айғақты дер кезінде анықтап, істің ашылуына жол ашу, – дейді Бекзат Ербосынұлы. 

Біз жұмыс күнін криминалист мамандармен бірге осыдан бірнеше күн бұрын зерттеуге тапсырылған заттарды мұқият тексеруден бастадық. Әрине, оқиға орын алған жерге дер кезінде барып, ол жерден айғақты заттарды тауып, оларды тексеру оңай шаруа емес. Әсіресе, қылмыс болған жерден қару табылған кезде оның ойыншық немесе макет қару екенін ажырата алмай қаласың. Олардың кейбірі шынайы қарудан айнымайды. 

Бекзат Ербосынұлының дактилоскопия, суық қаруды зерттеу, трасологиялық зерттеуге арналған үш түрлі рұқсаты бар. Осы салада бірнеше жыл қызмет еткен тәжірибелі маман жас тергеушілер мен жедел уәкілдерге бағыт-бағдар беріп, куәгерлермен сөйлеседі. Криминалистерді өзгелерден ерекшелендіретін бір белгі, олар әрдайым арнайы құрал-саймандарға толы «фирмалық» чемоданмен жүреді. Оның ішінде щеткалар, индикатор ұнтақтары, электронды үлкейткіштер және басқа да қажетті заттар бар.

– Криминалистика саласы қылмыстың алдын алуға, жолын кесуге және тергеп-тексеру барысына жауап береді. Оқиға орнында қалған іздерді табу, бекіту, алу, олар бойынша криминалистикалық зерттеулер жүргізу, зерттеудің сапасы мен толықтығына байланысты жұмыстарды атқару – біздің мамандардың мойнында. Бұдан өзге, олар криминалистикалық есептер бойынша тексеруді жүзеге асырады. Қазір қылмыстық істерді жүргізудің электрондық форматын енгізу және істерді тергеп-тексеруді оңтайландыруға байланысты криминалистикалық зерттеулерді жүргізу бойынша жүктемелер саны артты. Міне, осындай жұмыстарды сапалы атқару үшін маманның жауапкершілігімен бірге материалдық-техникалық жабдықталуы да талапқа сай болуы тиіс. Қазір криминалистика қызметі жаңа модельді құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп жатыр, – деді аға криминалист.

Бүгінде криминалистика қызметі заман үдерісіне байланысты елеулі өзгерістерге ұшырады. Мәселен, осыдан қырық жыл бұрын криминалистерге қылмыскерді анықтау үшін көп уақыт кететін. Себебі, ол кезде қылмыскердің суреті куәгерлердің айтуы бойынша салынатын. Криминалистер оқиға орнын суретке түсіріп, оны лабораторияға барып шығаратын. «Елу жылда ел жаңа» демекші, соңғы жылдары жаңа технологияның арқасында қылмыскерді оқиға орнынан ұзамай-ақ құрықтаудың мүмкіндігі артты.

Сарапшылардың қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтауға арналған арнайы электрондық базасы бар. Алайда, ең алдымен қылмыс орнын мұқият зерттеу қажет. Әр маман барынша ұқыпты болып, қылмыскер секілді ойлай білуі керек. Мұнда жалпы көрініс те, ең ұсақ бөлшек те маңызды. Көп жағдайда қылмыстың ашылуы криминалистің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Оқиға орнын зерттеу кезінде бір ғана ұсақ бөлшекті өткізіп алу – істің шешілуіне кері әсер етуі мүмкін. Сол себепті, көзге көп көрінбегенімен, криминалистің еңбегі – полиция қызметіндегі ең маңызды буындардың бірі.

Түске таман қаладағы көшелердің бірінде жеңіл көлік тоналғандығы жайында хабар келіп түсті. Біз бірден қызметтік көлікке отырып, оқиға орнына бардық. Барған бетте іздерді жоғалтып алмас үшін оқиға орнын арнайы лентамен қоршауға алдық. Одан кейін көлікке арнайы ұнтақ сеуіп, қолдардың ізін анықтадық. Криминалистика саласында саусақтардың тырнақ тұсындағы өрнектеріне баса назар аударылады. Мен де саусақ іздерін алудың қыр-сырын көзбен көрдім.

Осылайша таңсәріден басталған жұмыс кешкі 19:00-ге дейін жалғасты. Бекзат Манаповтың айтуынша, шұғыл және тосын жағдайлардың орын алуына байланысты кез келген уақытта жұмысқа шақыруы мүмкін. Ондай кезде дереу қызмет орнынан табылып, жүктелген тапсырманы орындауға міндеттісің.

Расында, күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп полицейлердің қым-қуыт жұмысын аңғармайды екенбіз. Осы бір күнде көп нәрсені түсінгендей болдым. Полиция қызметкері болу үшін білім мен біліктілік, төзім мен қажыр-қайрат керек екен. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу де полицейге керек ең басты қасиет екенін ұғындым.

Полиция қызметкерлерімен бірге жұмыс істеген сегіз сағат ішінде тәртіп сақшыларына деген көзқарасым түбегейлі өзгерді десем де болады. Бір күндік полиция қызметкері болу маған оңайға соқпады. Ал, нағыз маман осы қызметпен жылдар бойы айналысады. Қалай десек те, әдемі форма мен жұлдызды погонның жүгі ауыр екен. Жауапкершілігі жоғары бұл қызметке антына адал, өз міндетін абыроймен атқарып, еңбек ете білген тәртіп сақшылары ғана лайық. 

Раушан НАРБЕК.

Кентау қаласы.

Қатысты жаңалықтар

АРЫСТА ТАҒЫ БІР ЕЛДІ МЕКЕНГЕ ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

Damu info

Адам саудасы табыс көзіне айналып барады

Damu Info

ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА ӨНДІРІЛГЕН ЕТ ӨНІМДЕРІНЕ РЕСПУБЛИКАДА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Damu info