
Қазіргі ақпараттық технологиялар дамыған кезеңде бала санасын түрлі теріс ағымдардан қорғау мәселесі қоғамда жиі көтеріліп жүр. Интернет пен әлеуметтік желілер арқылы таралатын түрлі ақпараттар ағыны үлкендердің де, балалардың да сауатын қажет етеді. Осы бағытта Талғар қаласы мен Бесағаш ауылындағы мешіттерге жиналған әйелдер қауымымен арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Талғардағы «Рахымберген қажы», «Белбұлақ» және Бесағаштағы «Шариф» мешіттерінде ұйымдастырылған жиындарда дінтанушы Мирас Қонусбекұлы діни сауаттылықты арттыру және деструктивті ағымдардың ықпалынан қорғану жолдарын түсіндірді. Дінтанушы қоғамда болып жатқан түрлі жағдайларға тоқталып, жат ағымдардың адам психологиясына, оның ішінде жастарға қалай әсер ететінін қарапайым мысалдармен жеткізді.
Кездесудегі негізгі тақырыптардың бірі бала тәрбиесі және олардың ғаламтордағы қауіпсіздігі болды. Көп жағдайда деструктивті ағымдар өз идеяларын ғаламтор арқылы, әсіресе жасөспірімдер жиі қолданатын платформалар арқылы тарататыны жасырын емес. Сондықтан, отбасындағы ата-ананың бақылауы мен дұрыс тәрбиесі бірінші кезекте тұруы тиіс екені айтылды. Ананың баламен қарым-қатынасы, оның ішкі жан дүниесіне үңілуі кез келген сыртқы теріс ықпалға тосқауыл бола алатыны түсіндірілді.
Шараға қатысушылар: «Балаларды тәрбиелегенде олар мазаламасын деп қолына телефонды ұстата салып, өз жайына жібере салуға мүлде болмайды. Олардың интернеттен не көріп, қандай ақпарат алып жатқанын үнемі қадағалап отыруымыз керек екен. Тек бақылап қана қоймай, балаға уақытылы дұрыс бағыт-бағдар беріп, жақсы мен жаманды үйретіп, нағыз тәрбиені өзіміз
беруіміз қажет», – деп өз түйген ойларымен бөлісті.
Мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыруға бағытталған бұндай іс-шаралар ағымдағы жыл бойы жалғасын табады және барлық мақсатты топтарды қамтитын болады.
