Сталкинг – бұл зорлық-зомбылық қолданылмаса да, адамның психологиялық жағдайына елеулі зиян келтіретін, еркінен тыс тұрақты түрде қудалау, артынан қалмау әрекеттері.
Түркістан қаласы әкімдігі, полиция басқармасы және прокуратураның ұйымдастыруымен «Сталкингті тоқтат, қауіпсіздік – әр адамның құқығы» тақырыбында ауқымды профилактикалық форум өтті. Іс-шараға Түркістан қаласы әкімдігі аппаратының басшысы Қуаныш Нұржанұлы, қала прокуроры Кәукен Бахытбайұлы, полиция басқармасының бастығы Жасұлан Нысанбаев, сондай-ақ есепте тұрған тұлғалар мен қала тұрғындары қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – қоғамда көп жағдайда назардан тыс қалып жүрген, алайда азаматтардың жеке қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін сталкинг мәселесіне қоғам назарын аудару, оның алдын алу тетіктерін талқылау және қолданыстағы заңнама аясындағы жауапкершілікті түсіндіру.
Шара барысында Түркістан облысының бас имамы Ержан Сматұлы, «Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың» Түркістан облысы бойынша өкілі Наталья Сұңғатқызы және психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары Мөлдір Зайнуллақызы сталкингтің әлеуметтік, құқықтық және психологиялық салдары туралы кеңінен баяндады.
Сонымен қатар спикерлер сталкингтің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамда жеке қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. 500-ден астам тұрғынды қамтыған форум сталкингтің салдарын айқын көрсеткен әсерлі сахналық қойылыммен және өнерпаздардың өнер көрсетуімен қорытындыланды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның қабылдануы азаматтардың құқықтарын қорғау ісінде маңызды қадам болды.
Бұл заңдағы басты жаңалықтардың бірі – «сталкинг» үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі. Сталкингке мынадай іс-әрекеттер жатады: айтарлықтай зиян келтіріп, адамның жеке шекарасын бұзып, еркінен тыс оның ізіне түсу, қайта-қайта телефон соғу, интернет арқылы бақылаумен қорқыныш немесе алаңдаушылық сезімін тудыру.
Енді мұндай әрекеттер үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына тарту, 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.
Заң әрбір адамның жеке кеңістігіне құрметпен қарау қажеттігін айқындап, психологиялық зорлық-зомбылық пен қудалаудың алдын алуға бағытталған.

