Ақпарат

Жол апаты: бақылау әлсіз бе, әлде…

Ата-бабаларымыз «Жол мұраты – жету» дейді. Алайда, соңғы жылдары жол-көлік апатынан жарақат алып, көз жұмған адамдардың қарасы көбейіп бара жатқандығын ескерсек, жол мұратына жете алмай жатқандығын аңғаруға болады. Қазір көлік дегеніңіз, кейде көзге ажал арбасы секілді елестейтін болды. «Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деп Майқы би бабамыз айтпақшы, талай адамның қаны қара жолға сіңіп, талай арман қара жолда үзіліп жатыр. Көпшілікті алаңдатқан мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында талқыланды. 

Жол-көлік оқиғаларының біздің облыстағы үлесі қандай? Осы ретте Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті ұсынған мәліметке көз жүгіртейік. Олардың дерегінше, жыл басынан бергі 9 айда өңірімізде жол-көлік оқиғалары 20,3 пайызға артыпты. Былтырғы 9 айда 769 дерек тіркелсе, биыл ол 925-ке жеткен. Салдарынан 1157 адам түрлі дене жарақатын алса, 218 адам көз жұмған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11,8 пайызға көбейген дейді мамандар. Жүректі ауыртатын цифр, әрине. Қанша бала ата-анасыз жетім қалды? Қанша ата-ана баласынан айырылды? Ал, Құдай қағып, аман қалды дегеннің өзінде қаншасы мүгедектің арбасына таңылды?! Өкінішті.

Жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін аудан, қалалардың қатарында Жетісай, Сайрам аудандары мен Түркістан қаласының «үлесі» басым. Ал, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері неде? Облыстық полиция департаменті мамандарының айтуынша, облыстағы жол апаттарының көбеюі бірнеше факторға байланысты екен. 

Соның негізгі екі себебі мынау: біріншіден, көлік жүргізушілері жол ережелеріне атүсті қарайды. Көпшілігі жылдамдықты шамадан тыс арттырып, кейбіреулері қарсы бетке шығып кетіп жатады. Адам өліміне алып келетін апаттардың көбі жүргізушілердің қарсы бетке шығып кетуінен болады. Екіншіден, бұған жол бойында бей-берекет жүретін төрт түліктің де қатысы аз емес. Егер барлық жүргізуші ережеге сай жүрсе, жол апаты азаяр ма еді?

Жүргізушілердің арасында «ереже бұзсақ, жол сақшыларына пара беріп құтылып кетеміз» деп ойлайтындар да баршылық. Бұл ретте жауырды жаба тоқып, бармақ басты, көз қыстыға баратындардың бар екенін жоққа шығаруға болмас. Сосын жол апаттарының бір себебі ретінде жолдың сапасыздығын айтуға болады. Ведомствоаралық комиссия отырысында айтылған мәліметтерге сенсек, облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды екен. Ең ірі жол апаттары да осындай трассаларда орын алатын көрінеді. Олардың арасында адам тасып күнелтетін таксилердің де апатқа ұшырап жатқаны аз емес. 

Облыстық полиция департаментінің дерегінше, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күн сайын 290 патрульдік полиция қызметкері жұмылдырылады екен. Жыл аяғына дейін жол апаты жиі болатын аймақтарға 100-ге жуық бақылау кешені, 2 жылжымалы кешен орнатылмақ. Бүгінде көлік жүргізушілерін жол апатынан сақтандыратын ірілі-ұсақты баннерлер Түркістан қаласында, аудан, қала орталықтарының көрнекі жерлерінде ілулі тұр. Қайбір жылы облыс сақшылары апатқа ұшырап, қирап қалған көліктерді қаланың шыға берісіне орналастырып, жүргізушілерді кездейсоқ оқиғалардан сақтандырғысы келген. Тіпті, қирап қалған көліктерді эвакуаторға тиеп алып, қаланы айналып жүріп, жүргізушілерге ескерту де жасалды. Бірақ, одан соншалықты нәтиже болмай тұр.  

Қатысты жаңалықтар

Дамудың негізгі бағыттары баяндалды

Damu Info

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заң Қазақстанға қалай әсер етті?

Damu Info

ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Damu info