Ақпарат

Сот жүйесіндегі түйткілдер

Қазіргі таңда Мемлекет басшысының бастамасымен сот жүйесінде үлкен реформа жүргізіліп жатыр. Былтыр осы салаға серпін беретін екі бірдей заңға қол қойылды. Заңдағы үлкен жаңашылдықтардың бірі – кассациялық соттардың қайта құрылуы. «Қайта» деген сөзге екпін беруіміздің себебі де жоқ емес. 2016 жылы облыстық соттардағы кассациялық іс қарау тәртібі жойылып, ол міндеттер түгелдей Жоғарғы соттың құзыретіне өткен болатын. Бұл өз кезегінде Жоғарғы соттың іс қарау жүктемесін бірнеше есеге арттырып жіберді. 

Соның салдарынан Жоғарғы сотта екі бірдей, біріншісі, іске қатысушылардың ұсынысымен қаралатын, екіншісі, Бас прокурордың наразылығымен және Жоғарғы сот төрағасының ұсынысы бойынша тағы да қаралатын, яғни бұрынғы облыстық соттардағы іс қарау тәртіптерінен еш айырмашылығы жоқ, істерді екі рет кассациялық тәртіпте қарау практикасы қалыптасты. Бүкіл облыстық соттардағы кассациялық іс қарау құзыретін өзіне алған Жоғарғы сот сол соттардың жұмыс көлемін толық игеріп, сот билігінің тиімділігін арттырды деп айта алмаймыз. Сонда не ұттық? Жергілікті жерлердегі кассациялық сот сатыларын жойғанда тапқан пайдамыз қайсы? Керісінше, Жоғарғы сот арыз-шағымнан бас көтере алмай қалды. Ал, жергілікті соттар болса, заңдылықты дер кезінде қамтамасыз ету тиімділігінен айырылды. Ең бастысы, қаншама адамның жер алшақтығына байланысты кассациялық шағымдану мүмкіндігі шектелді. 

Жоғарғы сот төрағасы Асланбек Мерғалиев осы жылдың тамыз айында әріптестеріне үшбу хат жолдап, онда сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалардың біршамасы іске асырылғанын, оның ішінде кассациялық сот құру бастамасының жүзеге асқанын айта келіп, Мемлекет басшысы судьялардың ІХ съезінде бірқатар тапсырма бергенін, соның негізінде сот жүйесі мен соттардың қызметін жетілдіру үшін жүйелі реформалар әзірлеу қажеттілігі қолға алынғанын мәлімдеген болатын. Сөз соңында сот жүйесін дамытуға байланысты көзқарасымызды білдіріп, ақыл қосуымызды сұранған екен.

Төрағаның мұнысын орынды деп бағалап, доғарыстағы сот саласының ардагері ретінде өз пікірімді баспасөз бетінде жариялағанды жөн көрдім. Біздегі заңнама бойынша халық мемлекетке жинап-тергенінен бөлек, айлық табысынан да салық төлейді. Мемлекет сол табыстан азаматтарға жалақы, зейнеткерлерге зейнетақы, әлеуметтік төлемдер төлеп, халықтың қажетін өтеп жатады. Жоғарғы сот реформаға байланысты өз құзырындағы үш алқаны, яғни қылмыстық, азаматтық және әкімшілік сот алқаларын дербес етіп, заң жүзінде кассациялық сот құруды дұрыс деп тапты. Парламент депутаттарының уәжіне сүйенсек, мұндай құрылымның құрылуы арыз-шағымның кассациялық алқаға аз түсіп, есесіне, Парламент пен Президент аппараты арыз-шағымнан бас көтере алмай қалады деген алаңдаушылығынан  туындаған көрінеді. Жалпы, арыз-шағымның басым бөлігі сот шешімдеріне орай жазылады. Негізінен арыздың түсуі жаппай кассациялық қараудың шектеліп, жеке судья ұсынысымен қаралу тәртібіне байланысты. Кассациялық сатыда қылмыстық, азаматтық істерді қарау тәртібінің әркелкі болуынан туындаған. Бұл қателікті түзету үшін процессуалдық заңға өзгеріс енгізсек жетіп жатыр. Яғни сот өндірісі заңымен реттеуге болады. Оны түзету үшін сот құрылымы заңына өзгеріс енгізу қателік дер едім.

Заңға бастамашы болғандар сот құрылысы заңы мен сот өндірісі заңының аражігін ажыратпай, соттың жаңа құрылымын жасады. Бұған қолдау білдірген Жоғарғы сот судьялар мен қызметкерлерінің санын көбейтіп, бюджет қаражатын негізсіз жұмсаған. Ал, Мемлекет басшысы қазына қаржысын үнемдеп жұмсауды жиі ескертіп келеді. 

Қазір халық арыз-шағымын арқалап, Астанаға барады. Жол шығынын айтпағанда, адвокат және 

қонақүй жалдау қалтаға әжептәуір салмақ салады. Бұл өз кезегінде адамдардың жүйкесін жұқартып, «Соттан келемін, жанып тұрған оттан келемін…» деген ақын сөзін расқа шығарады. Сот жүйесіне енгізілген бұл өзгеріс кассациялық шағымның түсіміне өзгеріс әкелмейді. Есесіне, сот шешіміне қанағаттанбаған тараптар арыз жазуды жалғастыра береді. Кассациялық алқа шешімімен арыздың кассациялық түріне шешім шығарып, нүкте қойылады.

Кезінде сыбайлас жемқорлық белең алып кеткеннен кейін кассациялық алқаларды бірнеше рет облыстық соттарға қайтардық. Оны заңмен де бекіттік. Жаңа өзгерістерге байланысты оны облыстық сот деңгейінен шығарып, қайтадан Жоғарғы сотқа «ұзаттық». Осыдан бұрын жазылған мақалаларымыз бен лауазымды тұлғаға арнаған ұсыныстарымызда көрсеткендей, кассациялық сатыны көкпар сияқты әрі-бері тартқыламай, Мемлекет басшысының «билікті орталықтандырмай, жергілікті жерде шешуді ұйымдастыру» керек екенін ескерткен талабын орындауымыз қажет еді. Бірақ, бұл талап Парламент пен Жоғарғы сот тарапынан ескерілмей, аяқсыз қалды.

Жоғарғы сот құрамында қалған қылмыстық, азаматтық және әкімшілік сот алқалары кассациялық алқалардың қараған істерінің үстінен қарап, шешім шығаруға құлықсыз. Заңда ондай тәртіп көрсетілмеген. Сонда олар немен айналысады? «Сот практикасымен шұғылданады» деген уәждің де нақтылайтын тұстары айқындалмаған. Біздіңше, сот жүйесінің биік сатысы болғандықтан, Жоғарғы сот заң жүзінде сот практикасын зерттеу-талдау орталығы болып қайта құрылып, әрбір істің қаралу практикасын зерттеп қорытындылап, төменгі сатыдағы соттардың біркелкі іс қарау тәжірибесінің бағыт-бағдарын айқындап берумен айналысу керек. Сонымен қатар мемлекеттің қауіпсіздігіне ықпал ететін және экономикалық аса қауіпті қылмыстық істерді өз өндірісіне алып қарауды қамтамасыз етуі орынды болмақ. Заңда көрсетілгендей, Жоғарғы сот төрағасының ұсынысымен, Бас прокурордың наразылығымен келіп түскен істер пленарлық мәжілісте қаралып, шешім шығару құқығы сақталуы керек. Сонымен қатар, облыстық сот деңгейінде жаңадан құрылатын кассациялық алқалардың қаулыларына жазылатын шағымдарды да Жоғарғы сот бақылау тәртібімен алқалы түрде өз өндірісінде қараса, «сот қателігі» деген ұғымның жойылуына ықпалын тигізген болар еді. 

Жоғарғы сот басшысы ауысқан сайын міндетті түрде жаңалық енгізуге ұмтылыс жасалып, оны заң жүзінде бекітуге әрекеттенеді. Қоғамға пайдалы өзгеріс болса, оған қуана қолдау білдірер едік. Ал, «реформа, тағы да реформа» деп рельстен шығып кетіп, адасқанның алды жөн, арты соқпақ болып жатса, жүйелі пікір айту қоғам мүшелерінің азаматтық парызы емес пе?! Республикалық баспасөз беттерінде сот жүйесінің жетістігі мен кемшілігі жөнінде пікірлер айтып, көпшілік талқысына салсақ, оның несі айып?! Халық «сын түзелмей, мін түзелмейді» демеп пе еді?! 

Бүгінде бірінші сатыда іс қараған аудандық және оған теңестірілген соттардың шешіміне жазылған апелляциялық шағымдар облыстық және оған теңестірілген соттардың апелляциялық алқаларында қаралуда. Ал, осы апелляциялық алқалардың қаулыларына жазылатын кассациялық шағымдарды облыстық және оған теңестірілген соттарда құрылатын кассациялық алқада қарау жоғарыда көрсетілген шығындардан бас тартуға, азаматтардың талабын жергілікті жерде шешуге мүмкіндік берер еді. Ол үшін конституциялық күші бар заңға өзгеріс енгізіп, Жоғарғы соттың құзырынан бөліп шығарған үш кассациялық алқаны таратып, одан босаған судьяларды жергілікті жерде құрылатын қадағалау алқаларына жіберу керек. Істі қарау ең алдымен жергілікті халыққа тиімді болса, судьяларға төленетін еңбекақы мөлшері облыстық сот судьяларының айлығына теңгерімді болып, бюджет қаражаты үнемделер еді.

Облыстық деңгейде құрылған алқа сатылары іс қарауды жалпы қадағалау тәртібімен қараса, азаматтар да орынсыз арыз-шағым жазбас еді. Сот шешімдеріне жазылған арыз-шағымдар тек сотта қаралуы тиіс, басқа органдардың ондай арыздарды қарауға, бақылауға алуға заң жүзінде құқы жоқ. Биліктің биік тармақтарының сот қызметіне араласуға, арыз-шағымды шешуге, жол көрсетуге құқы жоқ. Халық та заң талабын түсініп, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп беталды арыз жаза беруден арылуы керек.

Сот жүйесінде процессуалдық тәртіппен шешілуі тиіс түйткілдер баршылық, оның барлығын халық пен мемлекет мүддесіне қайшы келмейтіндей етіп қарастыру алдағы күндердің еншісінде. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген халық даналығы босқа айтылмаса керек.

Бекет ТҰРҒАРАЕВ, 

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, 

заң ғылымдарының докторы.

Қатысты жаңалықтар

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 1500 орындық заманауи мектеп ел игілігіне берілді

Damu Info

ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА КОМЬЮНИТИ-ОРТАЛЫҚ ПЕН ЖАҢАРТЫЛҒАН ЭТНОМҰРАЖАЙ АШЫЛДЫ

Damu info

Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде

Damu Info