Түркістан қалалық прокуратурасының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Екі қабатты нысанның салтанатты ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Миразов, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Облыс әкімі прокуратура қызметкерлерін жаңа ғимаратқа кіруімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. – Қасиетті шаһарда құқық пен әділеттің жаңа ордасы бой көтеріп отыр. Бұл – тарихи сабақтастықтың белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «заң үстемдігі – елдің тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі» екенін үнемі айтады. Президентіміз «Заң мен Тәртіп» қағидатын ұсынып, осы міндетті орындауда прокуратура органдарына маңызды міндет жүктеп отыр. Ал, құқық қорғау саласы мүлтіксіз әрі сапалы қызмет етуі үшін оларға қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Осы ретте бүгін ашылған ғимарат сіздердің жұмыстарыңызға серпін береді деп ойлаймын, – деген Нұралхан Оралбайұлы бұл – заңға деген құрметтің, әділдікке деген сенімнің белгісі екенін айтты. Прокуратураның жаңа ғимараты – тек кеңсе емес. Бұл – заң үстемдігін нығайтуға, қоғамдағы әділдікті қамтамасыз етуге, тұрғындардың өтініштеріне жедел және сапалы жауап беруге арналған заманауи орталық. Ғимараттың құрылысы осы жылдың ақпан айында басталып, желтоқсанда толық аяқталған. Жаңа нысанда үлкен мәжіліс залы, ас бөлмесі, жаттығу бөлмесі, жабық спорт залы және автотұрағы бар.
Алдынғы жаңалық
Келесі жаңалық
