Ақпарат

«Amanat»-тың жол картасы:

Жуырда Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының фракция мәжілісі өтті. Жиналысты партияның облыстық филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Алтынсары Үмбеталиев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасының орындалу барысы талқыланды. Сондай-ақ, орындалмай қалу қаупі бар жобалар жайы да кеңінен талқыланып, «AMANAT» партиясы жанындағы «Әйелдер қанаты» Түркістан облыстық филиалының атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Сонымен бірге әйелдер көшбасшылығын ілгерілету мәселесі талқыланып, ұсыныстар айтылды. 

Жиында сөз алған облыс әкімі Нұралхан Көшеров «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасындағы Жол картасының орындалуы барысына тоқталды. 

– Өздеріңізбен бірлесіп, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша облыстың 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, онда облыс үшін маңызды іс-шаралар қамтылды. Жалпы іс-шараларды жүзеге асыруға 3 трлн. теңге жоспарланған. Жол картасы аясында 2025 жылға 121 іс-шараның орындалуы көзделген. 11 айдың қорытындысы бойынша 77 іс-шара орындалды, 30-ы орындалу үстінде. Ауыл шаруашылығы саласы – өңір экономикасының маңызды саласы. Салада жыл басынан бері өнім көлемі 1,2 трлн. теңгені құрап, өсім 101,2 пайыз деңгейінде орындалды. Өндірілген өнім көлемі бойынша республикада көшбасшымыз. Мемлекет басшысы қайта өңдеу саласын дамытып, экономиканы әртараптандыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты облыста мақта, ет және жүгері, яғни, 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алдық. Жалпы кластерлік бағыт – отандық терең қайта өңдеуді дамытып, шаруалардың өз өнімін кепілді түрде нарыққа сатуына мүмкіндік береді. Аталған 3 кластерді дамыту есебінен 2026 жылы жеңіл өнеркәсіпті 220 млрд. теңгеге, ауыл шаруашылығы сласын қосымша 433 млрд. теңгеге ұлғайту жоспарлануда. Өздеріңізге белгілі, республикалық бюджетте 2 жылдан бері қаржы тапшылығы байқалып келеді. Осыған байланысты Президент пен Үкімет бюджет шығындарын оңтайландыруды тапсырған болатын. Оңтайландырылған қаражат бірінші кезекте шешуді қажет ететін әлеуметтік мәселелерге қайта бағытталады. Жалпы Жол картасында көзделген іс-шараларды сапалы орындау бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Облыс әкімдігі тарапынан сайлауалды бағдарламаның іске асырылуына тұрақты бақылау болады, – деген Нұралхан Оралбайұлы өзге де бағыттағы жұмыстарға тоқталды. 

Түркістан облысында 3 кластерлік бағытты дамытуға басымдық берілуде. Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылып, 201 млрд. теңге инвестиция тартылады. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, әр гектардан алынатын өнім 60 центнерге жетеді. Нәтижесінде 229 мың тонна мақта өңделеді. Екі мақта өңдеу зауыты және 2 су үнемдеу технологиясын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталды. Жүгері кластері бағытында Шардара ауданында «Казкрахмал» зауытының құрылысы биыл аяқталады. Оның құны – 35 млрд. теңге, 251 жаңа жұмыс орны ашылады. Жылына 150 мың тонна жүгері терең өңделіп, 26 түрлі өнім шығарылады. Ет кластері бағытында 7 жоба іске асырылуда. Жоба құны – 50 млрд. теңге, қуаттылығы – 35 мың тонна, 802 жұмыс орны ашылады. Орталық Азияда баламасы жоқ 50 мың ірі қара бордақылайтын және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер, заманауи мал биржасы салынуда. Бүгінгі күнге «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz» және «Бесқара» ет өңдеу кешендері іске қосылды. Нәтижесінде, қосымша 35 мың тонна ет өңделеді. 

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен 6 бағыт бойынша 3750 жобаға 25,6 млрд. теңге несие берілді. Нәтижесінде 39 қайта өңдеу кәсіпорны ашылып, 23 гектарға 477 жылыжай салынды. Шағын кәсіпкерлік нысандарының саны 3 662-ге көбейіп, 4 174 жаңа жұмыс орны ашылды.

Өңірде сапалы жұмыс орындарын ашу мақсатында «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында жыл басынан бері 132 мың жұмыс орны құрылып, жоспар артығымен орындалды.

Өңірде елді мекендерді мәдени нысандармен қамту деңгейі де көтеріліп келеді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 9 млрд теңгеге 15 мәдени нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 5-уі биыл тапсырылады. Қалған 10 нысан келесі жылы аяқталады. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен Түркістан қаласындағы 500 орынды мәдениет үйі пайдалануға берілді. 

Жиын барысында партияның «Әйелдер қанаты» Түркістан облыстық филиалының жетекшісі Қалыйма Жантөреева атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Облыстық «Әйелдер қанатымен» бірлесе отырып, саяси шешім қабылдай алатын белсенді әйелдердің базасын қалыптастыру, көшбасшы әйелдер санының көбеюіне және олардың қоғамдағы беделінің нығаюына ықпал ету, әйелдер көшбасшылығын дамыту жөніндегі өңірлік бағдарламаны қабылдау сынды ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ «AMANAT» партиясының хатшысы, «Әйелдер қанатының» жетекшісі Шолпан Каринова партия атынан Қазақстандағы әйелдердің күш-жігерін бір арнаға тоғыстыру, саяси платформа принциптерін ілгерілету және гендерлік теңдікті нығайту, әйелдерді елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени өміріне белсенді қатысуын қамтамасыз ету бағытында негізгі бастамаларға кеңінен тоқталып, әйелдердің көшбасшылығын ілгерілету бойынша өз ұсыныстарын айтты. 

Жиын соңында Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының 2026 жылға арналған жұмыс жоспарының Қаулы жобасы қабылданды. 

Қатысты жаңалықтар

«Келешек мектептері»: Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 1500 орындық заманауи мектеп ел игілігіне берілді

Damu Info

В Шымкенте представили инновационную мобильную лабораторию по выявлению утечек газа

Damu info

ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА 900 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Damu info