Ақпарат

Тарихы терең, болашағы кемел

  • 17.12.2025 16:15

Ордабасы ауданы – халқымыз үшін қашан да бірліктің бастауындай ерекше ыстық мекен. Тарихы терең өлке әкімшілік аумақ ретінде Бөген атауымен 1964 жылы құрылған. Ол 1988 жылы Арыс ауданының қарамағына өтіп, 1989 жылы қайта еншісін алған дербес ауданға Ордабасы атауы 1993 жылы қайтарылды. Аудан жайлы айта қалсақ, Ордабасыдағы ұлы жиындарға соқпай өту мүмкін емес. Мұнда 1726 жылы қазақтың үш жүзінің игі жақсылары бас қосты. Олар жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайын талқылады. Бұл ел тарихындағы аса маңызды оқиға еді. 

Осы қасиетті Ордабасы биігінде 1993 жылы мамырда тәуелсіздіктің ұлы тойы өтті. Ол үш жүздің басын қосқан Ордабасыға, елді бірлікке үндеген Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге, сондай-ақ жауға тастүйін жұмыла қайрат көрсеткен бабалар рухына тағзым ретінде өтті. Үлкен жиында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің президенттері кездесіп, елді ынтымақ-бірлікке үндеп, жас мемлекеттің өсіп-өркендеуіне ізгі тілек білдірді. Ал, 1997 жылы Ордабасы тауының ең биік тұсына 30 метрлік зәулім монумент орнатылды. Ескерткіште ұлы хандарымыз бен билеріміздің сөздері жазылып, ұлтымыздың арман-аңсары бейнеленген.

Тарихы тереңнен бастау алатын Ордабасы ауданы былтыр 60 жылдық тойын ерекше салтанатпен атап өтті. Соңғы 30 жылда аудан экономикасы қарқынды дамыды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тұрғындарының саны 77,5 мыңға әзер жеткен ордабасылықтардың саны бүгінде 129 990-ға жетті. Даму мен тұрақтылықтың мекеніне айналған аймақта ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім мен мәдениет салаларында ілгерілеу бар. Аудандағы инфрақұрылым жаңартылып, елді мекендерге ауыз су, табиғи газ, жарық тарту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Жол жөндеу, әлеуметтік нысандар салу мен оларды жаңғырту ісі де көңіл сүйсінтеді. Шағын және орта бизнес субъектілері шығарған өнім көлемі де айтарлықтай өсті. Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі тірегі. Қарқынды бау мен жылыжайлар көбейді. Жаңа технологиялар енгізілуде. «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында кәсіпкерлікті қолдау шаралары күшейіп, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалуда. 

Таяуда Ордабасы ауданына арнайы іссапармен келген ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаевтың мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында шағын және орта бизнестің (ШОБ) жалпы ішкі өнімдегі үлесі 39,8%-ға жеткен. Бұл кәсіпкерліктің белсенді дамуын, экономиканың әртараптанғанын көрсетеді. Республика бойынша биылғы жылдың екінші тоқсанында жұмыспен қамтылғандар саны 3,9%-ға өсіп, 4,4 миллион адамға жеткен. Тіркелген ШОБ нысандарының 91,2%-ы белсенді жұмыс істеді. 

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында шағын және орта бизнес нысандары шығарған өнім көлемі 25%-ға артып, 42,7 трлн. теңгені құрады. Өнім көлемінің ұлғаюына бес негізгі сала – сауда, өнеркәсіп және өңдеу секторлары, құрылыс, көлік, ауыл, орман және балық шаруашылығы салалары елеулі үлес қосты. Бұл бағыттар Ордабасы ауданы үшін де өзекті. Ауданда шағын дүкендер, сервистік қызмет көрсетушілер, агрошаруашылықтар, шағын өндіріс орындары мен құрылыс компаниялары белсенді жұмыс істейді.

Ордабасы ауданы Тәуелсіздік мерекесін де үлкен жетістіктермен қарсы алды. Ауданда биыл ірі қара мал саны 84,9 мыңды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 104,5%-ға артқан. Қой мен ешкі – 476,2 мыңға жетті. Жылқы саны – 34,2 мыңға артса, түйе саны   870-ке жетті. Одан бөлек, құс өсіруде де аудан алдыңғы қатарда. Мал шаруашылығының табыспен жұмыс істеуі өнім көлемінің ұлғаюына тікелей әсер еткен. 2025 жылдың 11 айында 13,6 тонна ет, 21 тонна сүт, 9,6 тонна тауық жұмыртқасы өндірілді.

Ордабасы ауданы соңғы жылдары өнеркәсіп саласында да айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, жаңа өндірістік жобалардың орталығына айналды. 2025 жылдың он бір айындағы нәтиже бұл аймақтың экономикалық әлеуеті бұрынғыдан да күшейгенін көрсетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 47,8 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 14,9 пайызға өсті. Аудан үшін бұл – үлкен табыс. Ал, өңдеу өнеркәсібіндегі 16,3 пайыздық өсім аймақтың өндірістік бағытта қарқынды дамып келе жатқанын айқындайды. 

Бұл көрсеткіштер кездейсоқ емес. Соңғы жылдары ауданда өңдеу саласына ерекше көңіл бөлініп, оған жаңа кәсіпорындарды тарту жүйелі түрде жүзеге асырыла бастады. Биыл іске қосылған төрт ірі жобаның өзі еңбек нарығына серпін беріп, 300-ден астам адамды жұмыспен қамтыды. Бұл жобаларға қыш зауыттары, темір-бетон конструкциялары цехтары, алюминий профильдерін шығаратын кәсіп- орындар кірді. Жергілікті кәсіпорындардың автоматтандырылған технологияларды енгізуі ауданның өндірістік мәдениетін жаңа деңгейге көтерді. 

Мысалы, қыш зауыттарындағы жаңа желілер өнімнің сапасын арттырып қана қоймай, қол еңбегіне тәуелділікті азайтып, еңбек өнімділігін еселеді. Ауданның құрылыс индустриясы да осы өндірістердің арқасында жергілікті шикізаттың негізінде дамып келеді. Жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарланған жобалар да жетерлік. Құны 4,6 млрд. теңгені құрайтын төрт жаңа кәсіпорын өз жұмысын бастамақ. Екі қыш зауыты, металл өнімдерін өндіретін шағын кәсіпорын және ойын алаңшаларын құрастыратын жоба – барлығы жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ұсынады. Бұл тек экономиканы көтеру үшін ғана емес, әлеуметтік тұрақтылық үшін де маңызды. 

Аудандағы 57 елді мекеннің 54-і орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтылып, 94,7 пайызды құраған болса, бұл көрсеткіш биыл 100 пайызға жетті. Ауыз су жүйесі жүргізілмеген Мәдениет, Ынтымақ және Жұлдыз елді мекендерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары атқарылып, нысандар қазан айында пайдалануға берілді.  

Облыста 7 қазан – дүниежүзілік мақта күніне орай дәстүрлі «AQ-DALA» фестивалі өтті. Биыл облыс диқандары 144,5 мың гектар алқапқа мақта егіп, 470 мың тонна өнім жинауды жоспарлаған. Заманауи технология қолданылған егістік көлемі 1,2 мың гектардан 50 мың гектарға дейін артқан. Оның ішінде Ордабасы ауданында да мақта алқабының көлемі ұлғайып, өнім көлемі артты. Биыл 509 шаруа қожалығы 

7 142 гектар алқапқа мақта екті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 742 гектарға артық деген сөз. Мақтаның орташа түсімі 27 центнерді құрады. 

Спорттық инфрақұрылым бағытында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында былтыр Бадам ауылындағы спорт кешені пайдалануға берілсе, осы жылдың қаңтар айында Темірлан ауылындағы 250 орынды спорттық-сауықтыру кешенінің, қыркүйекте Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешені пайдалануға берілді. Биыл Темірланда дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің, теннис кортының, Шұбар ауылында спорт кешенінің құрылысы басталды. Нысандар келесі жылға өтпелі. 

Халқымыздың даңқты перзенті, дала батыры, қазақтың алғашқы әлем чемпионы, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұлағатты өмірі мен өнегелі жолын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында жаңадан ашылған Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мәдени-спорттық кешенінде аудан әкімдігі мен «Қажымұқан» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы рухына тағзым» атты тағлымды іс-шара өтті. Онда аудан әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, балуан бабамыздың ерлік жолы мен ұлттық рухты көтерудегі рөліне тоқталды.

– Күш атасы құрметіне бой көтерген заманауи мәдени-спорттық кешен ел игілігіне берілді. Бұл – спорт пен мәдениет саласын ғана емес, туризм мен жастар тәрбиесін де дамытуға арналған маңызды нысан. Кешеннің салынуына үлес қосқан барша жұртқа алғыс білдіремін. Қажымұқан әулеті бүгінгі ұрпаққа үлгі. Халық- аралық спорт шебері Шаттық Қажымұқанов, халықаралық «Азия даусы» фестивалінің үздік сазгері Бақытжан Қажымұқанов, «Қажымұқан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұрлан Қажымұқанов атамыздың игі жолын жалғап жүрген ұрпақтары, – деді аудан әкімі.

Бұдан басқа ауданның 7 елді мекенінде 2 спорт манежі, 4 спортзал, 3 спорт алаңшасы ашылды.  

Жыл бойы өнім алу мақсатында ауданда 134,9 гектар алқапқа жылыжайлар салынған. Оның ішінде биыл іске қосылғаны – 10,2 гектар. Аталған жылыжайларда  12 815 тонна көкөніс өндіріледі.  

Ауданда жаңа кәсіпорындар ашу үшін 102,5 гектар алқапты құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған индустриалды аймақ құрылған. Оның 50,5 гектары коммерциялық, 52 гектары мемлекеттік саналады. Құны 22,6 млрд. теңгені құрайтын 722 жұмыс орны бар 8 жоба іске қосылған. 

Ордабасы ауданы – тек тарихымен ғана емес, қарқынды дамыған өнеркәсібімен де, еңбексүйгіштігі арқасында әлеуеті артқан әлеуметімен де мақтана алатын аймақ. Өзгерістер пен ілгерілеу аймағына айнала бастаған ауданның болашағынан үлкен үміт күтеміз. Еңбексүйгіш тұрғындары, халқына жанашыр басшылары барда ауданының әлеуеті арта түсетіні анық. 

Қатысты жаңалықтар

Шымкентте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Еңбекші ауданында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді

Damu info

В Шымкенте представили инновационную мобильную лабораторию по выявлению утечек газа

Damu info

ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА ӨНДІРІЛГЕН ЕТ ӨНІМДЕРІНЕ РЕСПУБЛИКАДА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Damu info