Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта «ER-QAN GROUP» ЖШС-нің орамдағы полиэтилен пакеттері мен желім (пластик) ыдыстарын шығаратын зауыт іске қосылды. Кәсіпорынның ашылуына облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, нысанды аралап көрді. Өңірде өндіріс саласын қарқынды дамыту жолында тынбай жұмыс істеп жатқан азаматтарға алғысын жеткізіп, экспорт көлемін ұлғайту жөнінде пікірлесті.
– Бүгін Түркістан облысының экономикалық дамуы үшін аса маңызды жобалардың бірі жүзеге асып отыр. Полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстар өндіретін жаңа зауыт өз жұмысын бастады. Бұл – өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, кәсіпкерлік ортаның жандануына серпін беретін қуанышты оқиға. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында өңірлерге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өндірісті күшейту жөнінде нақты міндеттер қойды. Бүгін іске қосылып отырған бұл кәсіп- орын – сол тапсырмалардың нәтижелі орындалып жатқанының жарқын дәлелі. Жобаны жеке инвестор жүзеге асырып, 4 млрд. теңге инвестиция салды. Бұл – облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қосылған нақты үлес. Қазір полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстарға деген сұраныс жоғары. Сондықтан бұл зауыт ішкі нарықты сапалы отандық өніммен толықтырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті күшейтуге де жол ашады.
Отыздан аса адамды жұмыспен қамтып отырған зауыттың жобалық құны 4 млрд. теңге. Аталған жоба аясында 30-дан аса жаңа жұмыс орны ашылды.
Сондай-ақ, облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірге жұмыс сапарымен келген «Altyn Bank» АҚ басқарма төрағасы Мұрат Байсыновты қабылдап, банктің инвестициялық бастамалары мен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу барысында тараптар экономикалық серіктестікті нығайту, өңірдегі қаржы секторының әлеуетін арттыру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөз жүргізді.
Нұралхан Көшеров облыстың экономикалық, индустриялық және табиғи мүмкіндіктеріне тоқталып өтті. Оның айтуынша, Түркістан өңірі уран, алтын, темір рудасы және фосфорит сияқты бай табиғи ресурстарымен ерекшеленеді. Сондай-ақ қолайлы климат ауыл шаруашылығы саласын жыл он екі ай дамытуға мүмкіндік береді.
Өңір басшысы инвестициялық мүмкіндіктерге ерекше назар аударды. Бүгінде өңірде 20 индустриялық аймақ пен аумағы 4000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Онда инвесторларға салық жеңілдіктері ұсынылып, жобаларды тиімді іске асыруға жағдай жасалған. Сонымен бірге, өндірістік инфрақұрылымды дамыту бойынша «Шағын өнеркәсіптік парктер» жобасы іске асырылып жатыр. Инвесторлар үшін дайын ғимараттарды жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
Мұрат Байсынов банктің өңірде бірқатар перспективалы жобаларды жүзеге асыру мәселесін қарастыруға дайын екенін және Түркістан облысымен серіктестікті дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
