Ақпарат

Киелі өңірде жүйелі жұмыс бар

Осы аптада облыс әкімі Нұралхан Көшеров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын баяндады.

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап  берді. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру.  Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Яғни ел экономикасының негізгі басымдығы мұнай мен шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Түркістан облысында бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүріп жатыр, – деген облыс әкімі өңіріміздің он айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқталды. 

Қазіргі таңда Түркістан облысындағы 20 индустриалды аймақта құны 152 млрд. теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жоба толық іске асқанда 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінде 39 млрд. теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд. теңгеге 28 ірі жоба қолға алынған. 

Биыл Түркістан облысында халықаралық талаптарға жауап беретін заманауи зауыттар іске қосылып,  өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,3 трлн. теңгені құрады.

Түркістан облысының аудандары мен қалаларында шағын өндірістік парктер мен алаңдар ашылып, жаңа жұмыс орындары көптеп құрылуда. Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар ашылды.

– Мемлекет басшысы жасыл экономика, оның ішінде баламалы энергия көздерін дамыту – ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепілі болатынын атап өтті. Өңірімізге қажетті электр қуатының 75%-ын сырттан тасымалдауға мәжбүрміз. Аталған проблеманы шешу үшін маңызды жобаларды қолға алдық. Сонымен бірге күн, су және жел электр стансаларын көбейту бағытында да инвесторлармен келіссөздер жүргізілді, – деген өңір басшысы қуат көздеріне қатысты ауқымды жобаларға тоқталды.  

Облыс әкімінің айтуынша, өңірдің агроөнеркәсіптік кешені саласында 2025-2027 жылдарға  инвестициялық жобаларды іске асырудың Жол картасы бекітілген. 

Бүгінде облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты  355,5 млн. АҚШ долларын құрап,  оның көлемі 1,1 есеге ұлғайды. Жалпы өнім көлемі 182,5 млрд. теңгеге өсіп, 1 трлн. 86,9 млрд. теңгеден асты. Бұл сала бойынша өңір республикада бірінші орында тұр. 

Түркістан облысында мақта, ет және жүгері кластері құрылып, жұмыс істеуде. Мақта кластері бағытында – 5 жоба, ет кластері бағытында 

7 жоба іске асырылуда.

Түркістан облысында биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Алдын-ала есеп бойынша 10 айда өндірілген жалпы өнім көлемі 

4 387,8 млрд. теңгеге жетіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,8%-ды құрады. Осы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада екінші орында тұр. 

– Біздің басты мақсатымыз – ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмаларына сәйкес Түркістан облысын экономикасы дамыған өңірге айналдыру, өндіріс орындарын көптеп ашу, инвестиция тарту және терең өңдеу салаларына басымдық беру. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров. 

Түркістан облысында 114 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілген. Суару технологияларының қолжетімділігін арттыру үшін өңірде алты кәсіпорын ашу қолға алынған. Олардың 4-еуі іске қосылды, таяу уақытта тағы 2 кәсіпорын ашылады. Нәтижесінде 364 мың гектарды су үнемдеу технологиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. 

Облыс аумағында ағын суды жеткізетін ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4 180 канал бар. Каналдардың 76 пайызының тозығы жеткен. Осы мәселені шешу мақсатында кешенді жоспар қабылданып, Ислам даму банкінің қаржысы есебінен 302 су нысанын жөндеу көзделген. Бұл жұмыстар аяқталған соң каналдардың тозу деңгейі 50 пайызға дейін төмендейді.

– Жалпы, облыста қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Бұл – сыртқы экономикалық байланысты дамытудың нәтижесі. Әрбір инвесторлар үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда дайын алаңшалар жоспарланған. Олар мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, салықтық жеңілдіктер қарастырылған, – деді Нұралхан Оралбайұлы. 

Аталған бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 10 айда өңір экономикасына  1,2 трлн. теңге инвестиция тартылып, өсім  124,2 пайызды құрады. Шетелдік инвесторлармен келісөздер тұрақты түрде жүргізіліп, жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. 

– Мемлекет басшысы білім мен адами капиталды дамыту – экономикалық өсудің негізгі тірегі екенін атап өтті. Бұл бағытта облыста нақты шаралар қабылданып жатыр. Білім беру жүйесінде мектеп тапшылығын шешу мақсатында Президентіміздің бастамасымен «Келешек мектептері» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 23 мың орынды 29 мектеп ғимаратын салу жоспарланған. Оның 28-і пайдалануға берілді.  Қалған 1 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады, – деді өңір басшысы. 

Мемлекет басшысы білім беру саласындағы жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға назар аударып, IT технологияны дамытуды ерекше назарда ұстауда. Осыған орай Оңтүстік Кореямен келіссөз жүргізіліп, нәтижесінде Түркістан қаласында IT мамандарын даярлайтын «Woosong University Kazakhstan» университеті ашылды. Университеттің 

2 мың студент қабылдауға мүмкіндігі бар. Әкімдік тарапынан 100 грант бөлінді.  Бүгінгі таңда оқу процесі басталып, онда 108 студент білім алуда. Бұдан бөлек, университетке Оңтүстік Кореядан 70 студент тәлім алып, білім беру саласында тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілді.  

Сондай-ақ, Түркістан облысының туристік ин-

фрақұрылымы жақсарып, соның нәтижесінде өңірге саяхаттаған шетелдіктер саны көбейген. Жыл басынан бері облысқа 500 мыңнан астам турист келіп, осы сала арқылы 6,6 млрд. теңге табыс түсті. 

Түркістан облысында халықты газбен, сумен, электрмен және сапалы жолмен қамту жұмыстары қарқынды қолға алынған.

– Мемлекет басшысы халқымыздың тамыры – ауылда екенін ерекше атап өтті. Облыс халқының 75 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан өңірімізде ауылды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров. 

Өңір басшысы баспасөз мәслихатында Жұмысшы мамандықтары жылына орай атқарылған жұмыстарды саралады. Денсаулық сақтау саласындағы қол жеткен көрсеткіштерге тоқталды. Есепті кездесу соңында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Қатысты жаңалықтар

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заң Қазақстанға қалай әсер етті?

Damu Info

ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА ӨНДІРІС ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Damu info

Айман Омарова: Зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама – Президенттің саяси шешімі

Damu Info