Түркістанға ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті мүшелері іссапармен келді. Қонақтар сапар барысында «SPK Turkistan» өндірістік паркі мен «Түркістан» индустриалды аймағында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Сенаторлардың облысқа іссапары барысында Достық үйінде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі ірі жобалардың ауқымын кеңейту мәселелері бойынша көшпелі мәжілісі өтті. Көшпелі отырысқа Сенаттағы Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев қатысты. Сонымен қатар, мәжіліске облыстық мәслихат депутаттары, аудандық, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысып, пікір алмасты. Жиында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков республика бойынша ауыл шаруашылығы тауарлары өндірісіне жалпы шолу жасады. Вице-министр ауыл шаруашылығы саласы бойынша елдегі жалпы өнім көлемінің 13,4%-ы Түркістан облысына тиесілі екенін айта келе, 2026 жылы Шардарада қуаттылығы жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін «Қазкрахмал» ЖШС өндірістік кешенін іске қосу жоспарланып отырғанына тоқталды. «Кешенде крахмал, жоғары сұрыпты крахмал қоспалары шығарылып, ішкі-сыртқы нарыққа жолданады, онда 500 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр» деді. Мәжілісте «Қазкрахмал» зауытының басқарушы директоры Р.Қияшпаев есеп беріп, зауыт құрылысында кездесіп отырған түйткілді жайттарды көлденең тартты. «Атап айтқанда, инфрақұрылымдық-инженерлік желілерде проблема бар: электр энергиясы құжаттары бітпегендіктен шешілген жоқ, екіншіден, зауыт үздіксіз жұмыс істеуі үшін тәулігіне 80 текше метр суды қажет етеді, үшіншіден, шикізат проблемасын шешуіміз керек. Бүгінгі күнге жүгеріні қабылдау, кептіру және сақтау жабдықтары орнатылды. Биылға 3 мың тонна жүгері қабылдадық. Зауытқа жылына 150 мың тонна жүгері қажет. Жалпы, Шардара ауданы бойынша 58 мың гектар суармалы жер бар. Бірақ, ауданда жүгері дақылы егілген алқап көлемі тым төмен. Бүгінгі есеппен аудан бойынша небәрі 2 мың тонна ғана өнім беруі мүмкін. Ауданның 58 мың гектар суармалы жерінің 10 мың (20 пайыз) гектарына жүгері егілсе, біздің шикізатымыздың мәселесі шешілер еді. Бүгінгі жиын мінберін пайдаланып, күн тәртібіне егіс көлемін ұлғайту мәселесін қойып отырмын» деді зауыт директоры. Жиын соңында бұл мәселелер бойынша облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жауап беріп, жағдайдың оң шешілетінін айтты. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің мәлімдеуінше, Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені республикада жетекші орында. Республика бойынша өндірілген мақтаның – 100%-ы, жүзімнің – 82%, бақшаның – 75%, жеміс-жидектің – 40%, көкөністің – 30%, жүгерінің – 27 пайызы Түркістан облысының еншісінде. Мал шаруашылығы саласы бойынша өндірілген еттің 12%-ы, сүттің 13%-ы облысымыздың үлесінде. Бұл облыстың ауыл шаруашылығымен қатар, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жоғары әлеуетін аңғартады. Ағымдағы жылы су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланған болатын, қазірге дейін ол 59 мың гектар алқапқа орналастырылды. Сонымен қатар, 2026 жылға 2 кәсіпорын іске қосылмақ. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын шикізат өндіруден дайын өнім шығаруға бейімдеу мақсатында облыста үш кластерлік жобаны іске асыру жұмыстары басталып кеткен. Оның ішінде, мақта шикізатына экспорттық тәуелділікті жою бағытында, мақта-тоқыма кластерін құру бойынша 5 жоба жүзеге асырылады. Жобалардың өңдеу қуаттылығы жылына 193,3 мың тоннаны құрайды, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген.Мәжілісте сөзге шыққандар түрлі маңызды мәселелер қозғады, кәсіпкерлер мен шаруалар өздерін толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салып, сұрақтарын қойды. Саланы дамыту бағытында ұсыныстар айтылды. Жиын соңында ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев бірқатар кәсіпкерлер мен шаруаларға Сенат төрағасының Алғыс хатын тапсырды.* * *Осы күні сенаторлар Келес ауданындағы «Ecoculture-Eurasia» ЖШС-і мен Шардара ауданындағы Қазкрахмал» ЖШС-нің жұмысымен танысты.
Алдынғы жаңалық
Келесі жаңалық
