Қазақстан туризмінде соңғы жылдары жаңа серпін байқалып келеді. Ел ішінде мәдени-тарихи бағыттарға қызығушылық оянып, өңірлер өздерінің жеке туристік брендіне мән бере бастады. Солардың ішінде айқын алға шыққан өңір – Түркістан.
Бұл қала бір ғана рухани орталық емес, бүкіл елдің туристік стратегиясын алға жылжытушы аймаққа айналып отыр. Түркістанның нақты көрсеткіштері де сенімді өсімді көрсетуде. Облыс әкімдігінің ресми мәліметіне қарағанда, биылғы II тоқсанда өңірдегі орналастыру орындарында демалғандар саны 151 мың адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға артқан. Туристік қызмет көрсету көлемі 3,98 млрд. теңгеге өсіп, бір жылда 27% өсім берген. Туристік қызығушылық тек Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен шектелмейді. Саралап қарасақ, саяхаттаушылардың ішінде: табиғаты көркем аймақтарға барғандар саны – 142,7 мың, ал, тарихи нысандарды аралағандар саны 911,2 мың адамға жеткен. Бұл – Түркістанның туризмі енді тек зияратпен өлшенбейтінін, мәдени, экологиялық және экономикалық бағыттардың да күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің брифингте берген мәліметтеріне сүйенсек, өңірге салынған инвестиция көлемі де анағұрлым артқан. Мәселен, осы жылдың тоғыз айында туризм саласына тартылған капитал 57,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға өскен. Бұл қаражат инфрақұрылымды жақсартуға, жаңа туристік өнімдер жасауға, сервис сапасын көтеруге бағытталған. Ішкі туризм бойынша келушілер саны 273,7 мыңды, ал, шетелдік келушілер саны 19,1 мың адамды құрады. «E-Qonaq» жүйесі арқылы 10 айда тіркелген шетелдік туристер саны 43 802 адам болған. Түркістанға туристер ең көп келетін елдердің ондығында Өзбекстан, Түркия, Қытай, Ресей, Германия, Италия және Үндістан мемлекеттері кіреді екен. Өңірдің имиджін көтеру бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Биыл 113 туркомпания үшін ақпараттық турлар өткізіліп, оған Оңтүстік Корея, Италия, Қытай, Түркияның агенттіктері шақырылған. TRT The Times The Telegraph секілді халықаралық медиалар арнайы контент түсіріп, Түркістанды әлемдік аудиторияға танытуда. Сонымен қатар, мәдени мұраны сақтау бағытында ЮНЕСКО стандарттарын енгізу, заманауи мультимедиялық экспозициялар құру, виртуалды көрмелер дайындау жұмыстары қолға алына бастады. (E-Qonaq қосымшасы деректері мен статистикасы). Сонымен бірге гидтер, қонақүй қызметкерлері, туроператорлар үшін оқыту бағдарламалары енгізіліп, сервис сапасын көтеру жүйелі түрде қолға алынған. Жалпы алғанда, Түркістан туризмі – бүгінгі күні ел ішінде ең жылдам дамып келе жатқан салалардың бірі. Оның өсу динамикасы жай статистика емес, нақты жоспар, жүйелі маркетинг, дұрыс инфрақұрылым және халықаралық деңгейдегі имидж жұмыстарының нәтижесі.
Дінмұхаммед ҚҰДАЙБЕРГЕН
