Шынында, киік қазақ үшін киелі жануар саналады.
Қ.ТОҚАЕВ,Қазақстан Республикасының Президенті.
Немістің белгілі табиғат зерттеушісі, жазушы Бернгард Гржимен сонау өткен ғасырда «Өркениет табиғатты тоздырып, жабайы жануарлар өміріне өріс қалдырмайды» деп шырылдаған екен. Ол, сірә, Америка атыраптарындағы миллиондаған бизондар, Африка ормандарындағы мыңдаған мүйізтұмсықтар мен пілдердің жергілікті тұрғындардың емес, «жаңа жерді игерушілердің» мылтықтарының қарауылына ілініп, жаппай қырғынға ұшырағанын меңзеген болар.Қазақ даласында да бір кездері аң мен құс жыртылып-айрылып жататын. Кезінде оларды отарлаушылар оңай олжалады. Зоология институтының ғалымдары өткен ғасырдың басында Қазақстан жерін жабайы аңдардың 250-ге жуық, құстардың 800-дей түрі мекендегенін айтады. Солардан бүгінгі күнге аңдардың 150-ге, құстардың 300-ге тарта түрі ғана жеткен. Қарап отырсаңыз, адамдар түз тағыларынан да қаталдау екен!
Қазақ даласынан пана тауыпты
Сарыарқаның сайын даласында ақбөкен, қарақұйрық дегенің өріп жүретін. Сүйкімді де сұлу жануарлар Бетпақтың байтақ атырабында алаңсыз жайылатын. Сізге өтірік, бізге шын, өткен ғасырдың алпысыншы-тоқсаныншы жылдар аралығында Бетпақдала, Арқа төскейінде төрт түлікпен бірге осы ботакөз жануарлар да жусап жататын. Сосын өтпелі кезең дейтін уақыт келді. Ел күйзеліске түсті. Еті тірілер сол жылдары ақбөкендерді аяусыз атып, мүйізін Қытай асырды. Жүздеген ақбөкенді жусатып салып, тек мүйізін қағып алып кеткен оқиғаларды өз көзімізбен көрдік. Мұнан соң Арқаның, Бетпақдаланың көсілген кең даласынан қазына іздегендер көбейді. Күндіз-түні тыным таппайтын техника шуынан, уланған судан жерініп, ақбөкен ауып кетті. Бүгінде Созақтың сонау Жезқазғанмен шектесетін ұланғайыр далиған даласынан ақбөкен кезіктірмейсіз. Оның себебін жоғарыда айтып өттік. Ғылыми дәлелдерге сүйенсек, ежелгі мұз дәуірінен де бұрын ақбөкендер Ұлыбританияның Аляскаға дейін созылатын ұланғайыр аймағында тіршілік еткен екен. Мұны археологиялық қазба жұмыстары дәлелдеп берді. Содан беріде сан ғасырлар өткені белгілі. Оларды былай қойғанда ХVІІІ ғасырдың басында Киев пен Қостанай аралығында миллиондаған ақбөкен өріп жүріпті. Сондай-ақ, қалмақ даласының түкпірінде де осы жануардың тұқымы сақталып қалған. 1773 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Ресей мемлекетінің әртүрлі аймақтарына саяхат» деген кітабында академик П.С.Паллас «Ақбөкендерді Жайық қазақтары жыл сайын орасан көп мөлшерде аулап алады» деп жазған екен. 1826 жылы Парижде басылған неміс ғалымы А.Мейендорфтың «Орынбор арқылы Бұқараға саяхат» деген еңбегінде Дон даласын жүздеген мың ақбөкен мекендейтінін, оларды жергілікті тұрғындар өзеннен жүзіп өтіп бара жатқанда, яғни қашуға қауқарсыз кезінде қайықпен қуып жетіп, су ішінде оңай ұстайтын жаңа әдіс ойлап тапқанын суреттеп жазды.Міне, осы кең даладан сая таппаған жануар ақыры пананы қазақ арасынан, қазақ даласынан тапты. Мұның үлкен сыры бар сияқты. Өйткені, жаны жомарт қазақ баласын маралым, құралайым, ботам, қозым, аққуым деп еркелетпеуші ме еді. Тіршілік пен табиғатқа іңкәр жүрекпен қараған дала қазағы аң-құсқа аса шүйліге бермеген. Жаны сұлулыққа суарылған ежелгі қазақ табиғаттан тамыр тартып, перзентін еркелеткенде өзі көрген жоғарыдағы аң-құстардан әдемілік, әсемдік таба білген. Олар аң-құсқа Тәңірінің жаратылысы деп қараған. Оларда кие бар деп түрлі аңыз әңгімелеріне арқау еткен. «Киесі ұрады» деп кез келген аңды ата бермепті. Тіпті, кейде қасқырды да…«Қызыл кітапта» болса да…
Қызыл өкімет те киіктің киесінен қорықты ма, кім білсін, сонау 1919 жылдың өзінде-ақ ақбөкен аулауды жедел тоқтату туралы шешім қабылдады. Осыдан бастап олардың саны көбейе бастады. Тек 1957 жылдан бастап кәсіптік маңызы бар жануар ретінде оларды жыл сайын жүйелі түрде аулауды қолға алды. 1965 жыл мен 1991 жылдар аралығында ақбөкендердің саны күрт кеміп кетті. Облысымыздың көптеген аудандарында киікті емге таба алмайтын халге жеттік. Әсіресе, Бетпақдала, Арқа өңірін аралағандар қанға бөгіп, қарға-құзғынға жем болып жатқан ақбөкендерді көріп, жандары түршікті. Үйірімен қырылып жатқан киіктерді көргендер де көп. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, оларға мүйіздері сор болып жабысты. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында киіктер миллионнан 2003 жылы 21 мыңға дейін азайды. Сол жылдары дүниежүзілік сауда нарқы бойынша ақбөкеннің бір келі мүйізі 750 доллар болыпты. Кеңшарлар тарап, көпшілік қолындағы бес-он тұяғына қарап қалған кезде көлігі, мылтығы барлар дала кезіп кеткенін көрдік. Талай адам аңшылықты кәсіп етті. Тіптен, мотоциклмен ақбөкен қуып жүріп бір жігіттің мерт болғанын да білеміз. Сол кезде ақсақалдар «киіктің киесі ұрды» деп күңіреніп еді. Тағы бір жігіт мидай жазықта көлігімен аударылып, бір аяғынан айрылды. Мұндай мысалдарды Түркістан мен Жезқазған, Қарағанды, Қызыл- орда, Жамбыл облыстарының тұрғындарынан жиі естуші едік.Осыдан оншақты жыл бұрын Мойынқұм, Бетпақдала, Арқа жазығы мен құмында бірен-саран ақбөкен кезігіп еді, ашқарақ аңқұмарлар мылтығын кезеніп, түнделетіп прожектор салып, тағы да дымын қалдырмады. Осылайша, ақбөкен «Қызыл кітапқа» енді. Бірақ, «Қызыл кітапта» екен деп қызылсырап отырған қазақ аңға шықпай қарап отыра алар ма?!
Меже – 3 миллион
Сонымен, дүние жүзі бойынша ақбөкендердің ең көп шоғырланған жері Қазақстан екен. Алайда, республика бойынша ақбөкендерді қорғауды, олардың тыныс-тіршілігін зерттейтін, өсіп-өнуіне қолайлы жағдайлар туғызатын мекемелер әлі де кемшін сияқты. Мемлекет тарапынан дала жануарларын қорғау жөнінде заң мен қаулылар да аз емес. Қазақстан мен Ресей арасында ақбөкендерді қорғау жөнінде келісімдер болғанын да білеміз. Мемлекеттік қауіпсіздік шараларын күшейту мен табиғат инспекторларының материалдық-техникалық жарақталуы жылдан- жылға жақсарып келеді. Экология, геология және табиғи ресурстарды қорғау министрлігінің бастамасымен Ақмола облысындағы «Қорғалжын» қорығында жан-жануарларды қорғау жөнінде республикалық семинар өтті.Әйткенмен, табиғат байлығына қол сұғушылар әлі де азаяр емес. Мәселен, 2020 жылы ұсталған браконьерлерден 1245 киік мүйізі, 5 қарақұйрық, 2 ителгі, 256 тұтас ет тәркіленген. Ал, 2015 жылы елімізде ақбөкендердің жаппай қырылуы орын алған еді. 2021 жылы Қазақстанда киіктер саны 334 мыңнан 842 мыңға жетті. Елімізде киіктердің Бетпақдала, Орал және Үстірт секілді 3 популяциясы бар.Киіктерді заңсыз аулағаны үшін жауапкершілік шараларын күшейту мақсатында 2012 жылы Үкімет қаулысымен киіктерді аулауға және мүйізін пайдалануға 2020 жылға дейін тыйым салынды. Бұл мерзім кейін 2023 жылға дейін ұзартылды. 2019 жылы браконьерлік үшін 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға және мүлкін тәркілеуге дейінгі қатал жазалауды көздейтін заңнаманы қатаңдату бойынша шаралар қабылданды. Бұдан бөлек, елімізде жыл сайын «Ақбөкен» атты дала ботакөздерін қорғау жөнінде акция өтіп тұрды.Тәңірінің тартуы шығар, былтырғы көктемде Қазақстандағы киіктердің жалпы саны 1 миллион 318 мыңға жетті. Бүгінде Еділ мен Жайық аралығында 300 мыңдай киік жайылымдарда жүр. Батыс Қазақстан облысының фермерлері мен шаруалары былтырдан бері байбалам салып келеді. Өйткені, киіктер олардың егістіктері мен шабындықтарын таптап жатыр екен. Сондықтан Орал популяциясынан 80 мың киікті ату жөнінде шешім шықты. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің басқарма басшысы Қуат Шумақаев Батыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстары фермаларынан шағым түскенін алға тартады. Осыдан кейін Зоология институты киіктердің санын реттеу бойынша ғылыми-биологиялық негіздеме дайындаған. Осы негіздеме бойынша киіктерді арнайы мамандар ғана ата алады деген ұйғарым жасады. Осының ішінде Бетпақдала популяциясынан 9-10 мың киік ауланады деген шешім қабылданды.Киіктердің еркін өсіп, көбеюі үшін әр киікке 20 гектар жер керек дейді ғалымдар. Бүгінде 8 миллион гектар жерде 800 мың киік жайылып жүр екен. Сонда әр киікке 10 гектардан ғана келіп тұр ғой. Әйтсе де жергілікті халық мұнымен де келіспейді. Олардың айтуынша мұндағы ақбөкен саны бұдан да көп. Егістік алқаптар мен жайылымдарды киіктер таптап тастаса, оларды басқа аймақтарда жерсіндірудің түрлі амалдары бар екен. Бәйдібек ауданының тумасы, бүгінде «Түркістан Конгресс+ холл» көпсалалы кешенінің басшысы Асқар Кенехан «үлкен кісілерден естігенім бар, бұрынырақта ақбөкендерді Жезқазған даласы арқылы тікұшақпен айдап әкеліп, Қаратаудың қалың қойнауына жерсіндірген көрінеді. Созақ, Бәйдібек аудандарының кең жазиралы даласы киіктердің табиғи отаны. Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарында ақбөкендер далаға сыймай жатса, неге осы әдісті қолданбасқа?! Қаратаудың қойнауы әлі де оларға пана бола алады» дейді. Расында, «Сырдария – Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде 300 Бұқар бұғысы жерсініп, тіршілік етуде. Ендеше, ақбөкендерді де Созақ, Бәйдібек, Отырар, Түлкібас, Төлеби аудандарының тау қойнауларына, жазық далаларына жіберуге неге болмайды?! «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы киіктерге пана емес пе?!Десек те, Зоология институтының зертхана меңгерушісі Алексей Грачев киіктерді аулауға қатысты тиымды 2025 жылға дейін ұзарту керек деп есептейді. Ал, тәуелсіз эколог Сәкен Ділдахмет киіктердің санын 3 миллионға жеткізу керек деген пікір айтады. «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңның 45-бабына сүйенсек, ақбөкендерді қатерлі жұқпалы ауруға шалдыққанда ғана жоюға болады екен.Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев киік санын биологиялық және экологиялық тұрғыда реттеу 15 қыркүйек пен 30 қараша аралығында жүргізіледі деп мәлімдеді. Қазір киіктерді аулаудың түрлі жолдары ұсынылып, оларды жүзеге асыру үшін жұмыс тобы құрылып жатыр. Киік санын реттеуге жергілікті тұрғындар қатыстырылмайды. Бұлай еткен жағдайда браконьерлік көбейіп кетуі мүмкін.Қалай дегенде де халқымыз киікті кие тұтқан. Сондықтан да оларды қырып-жойып, санын азайтуды қолдамайтындар көп. Бетпақдалада 489 мың киік бар дейді ресми құжатта. Қанша жерден көбейіп кеткенімен, киіктің киесі мен кепиетінен де қорқу керек. Түркістан облысының тұрғындары сайын даланың, сахараның сәні болған сұлу да сүйкімді жануарды көптен көрмегендерін айтады. Әлемдегі жер көлемі жөнінен тоғызыншы орында болсақ та сар далаға киіктерімізді сыйдыра алмай жатырмыз.Түркістанның топырағы қандай жануарды да жатсынбаған. Оған Бұқар бұғыларының өңірімізді жерсініп, көбейіп жатқаны куә. Дала ботакөздеріне сұқ көздер мылтық кезенгенін қойса, не болыпты сонша, біздің өңірге де киіктер көптеп келер.
Тобықтай түйін
Былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киіктердің тағдыры туралы түсініксіз әуре-сарсаң мен пікірталас қалыптастырғаны үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министріне сөгіс жариялаған болатын. Президент сынынан кейін барлық мүдделі мемлекеттік органдар, қауымдастықтар және ғалымдар жиналып, киіктер популяциясын реттеу мен пайдалану мәселесін қайта талқылады. Соның негізінде бұл бағыттағы жұмыстарды, ғылыми-зерттеулерді тереңдете жүргізу жөнінде ұйғарымға келді. Соңында ауыл шаруашылығына 12 миллиард теңге шығын әкелгендіктен әрі киік санының шамадан тыс көбейіп кеткенінен алдыңғы жылы 30 мың бөкен ауланды. Былтырғы 15 қаңтар мен 10 ақпан аралығында 13 мың киік қарауылға іліккен. 2023 жылы 630 тонна киік етінің әр келісі 315 теңгеден ет комбинаттарына тапсырылған. Биыл киік етінің әр келісі 500 теңгеге көтеріліпті. 12 кәсіпорын киік етін қабылдап алған. Ал, «Охотзоо-пром» мекемесінің қоймасында ақбөкеннің 42400 дана мүйізі сақтаулы. Бүгінде қазақ даласын 2 833 600 киік мекен етеді. 2016 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 48 пайызға артқан. Жалпы, ел аумағында мекен ететін киіктер Орал, Үстірт және Бетбақдала деп аталатын үш популяцияға бөлінген. Бұл жайында «Охотзоопром ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының басшысы Расул Маханов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.«Биыл Қызылорда облысының солтүстік-шығыс аймақтарында 15-20 мың басқа жуық, Түркістан облысы, Созақ ауданының аумағында 1500-2000 басқа жуық, сондай-ақ, Ұлытау облысы аумағында 70-80 мыңға жуық киік қоныс аударғаны туралы мәлімет тіркелді. Біздің филиалда 54 инспектордан құрылған 8 мобильді топ жұмыс істейді. Олар Түркістан облысының 3,5 млн. гектар, Қызылорда облысының 17,7 млн. гектар және Ұлытау облысының 21,4 млн. гектар алқабында бақылау жүргізеді» деді Расул Қарақалпақұлы.Сондай-ақ, Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аймақтық инспекциясының бөлім басшысы Бақыт Мұсалиев бүгінде ел аумағында «Киік» кең ауқымды табиғат қорғау акциясы өтіп жатқанын жеткізді. Акция аясында өткен жылдың желтоқсан айының 1-і мен 2025 жылдың 15 қаңтары аралығында киіктің күйек мерзімін ескеріп, браконьерлік жасаудың және еті мен мүйізін сатудың алдын алу шаралары қолға алынбақ. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі биылдан бастап әуесқой аңшыларға аңшылық шаруашылығы аумақтарында киік атуға рұқсат етуі мүмкін. Министрлікте қазір осыған байланысты тиісті құжат әзірленіп жатыр.Тасада бұғып отырған сұр мергендердің кесірінен дала көркі – киіктер сайран күндерімен қоштасып, тағы да көзден ғайып болып кетпесе екен деп тілейік.
