Таң алагеуімнен жапонның жол талғамайтын екі көлігімен жолға шықтық. Мақсатымыз – табиғат қорғау инспекторларының жұмысын көзбен көру. Қайбір жылы Қызылорда облысында болған қорықшының өлімінен кейін табиғат сақшыларының жағдайы едәуір жақсарған деп еститінбіз. Айтса, айтқандай, аймаққа қарасты жануарлар мен орман қорын күзететін инспекторлардың мінер көлігі, киер киімі, ішер асы бұрынғыға қарағанда, дұрысталғанын байқадық. Біз мініп келе жатқан еңгезердей көлік «Охотозопром» ӨБ» РМҚК-ға қарайды. Бес адам еркін сиятын көліктің артқы жүк салғышына бір айға жетер азығыңды тиеп алсаң мыңқ етпейді.
Дуадақ – дала сәні
Созақ ауылынан шыға бере асфальттан кәдімгі қара жолға ауыстық. Ақын-жазушылар айта беретін «ұшы-қиыры жоқ маң дала» басталды. Мойынқұмның көркі – сексеуіл десек, ара-тұра сидаңдап өскен жыңғыл да ұшырасады. Шетелдік көліктің артқы терезесін сырғыта түсіріп, төңірекке көз тастап келеміз. Құс атаулыдан әзірге кезіккені бір-екі түрі ғана. Біріншісі – қарақұс. Онда да аласа болғанымен, діңі мықты сексеуілдің бұтағына салған ұябасарына кезіктік. Кей-кейде алдымыздан бұлдырық ұшады.
Біз мінген көлік Үспінің тура желкесіне барып бір-ақ тоқтады. Кабинадан түсіп, жан-жаққа бажайлап қарай бастадық. Бізбен бірге жүрген аудандық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің инспекторы Қанат Тоқсанбаев пен «Охотозопром» инспекторы Ержан Сәкенұлы алысқа дүрбі сала бастады. «Бүгін табиғат аясына дуадақ құстарын жібереміз» дейді топ жетекшісі Богдан Арутунян. Қасындағы инспекторлар Дәулет Досалин мен Сайдбек Абдуллаевқа тапсырма бере бастады.
– Бұл дуадақтың «джек» деп аталатын түрі. Олар негізінен Орта Азияның шөлейтті аймақтарын мекендейді. Әрі оңтүстіктің табиғатына да тез бой үйретеді. Бәйдібек ауданындағы арнайы тұқымбақта өсірілген құстардың бір легін бүгін еркіндікке жібереміз. Құстардың барлығының аяғында сақина бар. Онда дуадақтардың қай тұқымбақта өсірілгені, табиғатқа қашан жіберілгені секілді деректер жинақталған. Бұл олардың тіршілік ету ортасы туралы мәлімет жинақтауға және соның негізінде ғылыми-зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – «Қызыл кітапқа» енген аң, құсты, балықтарды және өсімдіктер әлемін қорғау. Олардың қатары, өздеріңіз білесіздер, аз емес. Ондап, жүздеп, мыңдап саналады. Қысқасы, бүгінде біздің жұмысымыз да, қорғайтын тіршілік иелері де көбейді, – дейді Богдан Арутунян.
Оның айтуынша, биыл 500 дуадақты табиғат аясына жіберу жоспарланған. Жалпы, бұл шара «Қызыл кітапқа» енгізілген дуадақ құсының популяциясын сақтау және қалпына келтіруге бағытталған. Қолда өсірілген құстар Созақтың табиғатына тез сіңісіп, қысқа дейін жылы жаққа ұшып кетеді екен.
– Біздің негізгі мақсат – браконьерлерді құрықтап жазалау емес, ондай тағылыққа мүлдем жол бермеу. Инспекторлардың қырағылығы арқасында табиғаттағы дуадақтар саны жыл санап көбейіп келеді. Бастапқыда небәрі 30-40 пайызы түзге бой үйретіп, тіршілік етіп кететін. Бүгінде құстардың 60-70 пайызы тірі қалады және бейімделген ортасына қайтып келеді, – дейді инспектор Дәулет Досалыұлы.
Арнайы торда өсірілген дуадақтар маң-маң басқан күйі сексеуілдің арасына кіріп, лезде көзден ғайып болды.
Бұрынғыдай киік жоқ
Біздің бұдан кейінгі жүрісіміз өнбеді. Өйткені, жолсыз жермен келеміз. Аң-құстар жиі жүреді-ау деген сай-жыраларды инспекторлармен бірге шолып шығамыз. Кенет:
– Мұнда келіңдер, – деп айқайлады бізден 100 метрдей әріректе жүрген инспектор Қанат Тоқсанбаев. – Сендерге қызық көрсетейін.
Жусан мен баялышқа сүріне-қабына жетіп бардық. Сондағы көргеніміз – қара топырақ үстіндегі үш жұмыртқа.
– Бұлдырықтікі ғой. Әне ұшып жүр. Бұл да дуадақ секілді «Қызыл кітапқа» енген құс. Қарашы, ұясын топыраққа шұңқыр етіп салыпты. Өзі жылдам ұшқанымен, жерде жорғалап жүргенде байқамай да қаласың. Өзі осы дала топырағымен түстес, – дейді инспектор Қанат Жексенұлы.
Ауылдан шыққалы 150-200 шақырым жол жүріппіз. Түс ауып кетпей, Ақкөл маңында отырған малшы қыстауына жетуіміз керек. Онда бізді топтың екі мүшесі күтіп отыр. Осы топ жетекшісі Богдан Арутунянмен бірге Дәулет Досалин, Сайд Абдуллаев, Ержан Сәкенұлы сияқты инспекторлар 15 күн бойы елсізде жүреді. Вахталық кезекпен жапан түзде аң-құстарды күзетеді. Әсіресе, осындай күз мезгіліндегі аң аулау науқанында олардың жұмысы тіпті қыза түседі.
Түс ауа қойшылар отырған жазық алаңқайда табиғат сақшыларымен емен-жарқын әңгіме басталды.
– Бетпақдалаға шығар Мойынқұмның осы тұсында ілгеріде киіктер өріп жүретін. Шу өзені де осы жерден таяқ тастам жерде. Оның үстіне, әр жерде Кеңес өкіметі қазған артезиандар бар. 1990-2000 жылдары киіктің мүйізін дәрілік мақсатқа, терісін жеңіл өнеркәсіпке пайдалана бастады. Сол тоқсаныншы жылдардан бастап мұндағы киік саны тым құлдырап кетті. Браконьерлер есепсіз киіктің пайдасын осылай көрді, – дейді топ жетекшісі Богдан Меружанұлы.
Осыған байланысты 2003 жылы «Охотозопром» ӨБ» мекемесі құрылды. Тұяқты жануарларды, оның ішінде киікті қорғауды мемлекет жедел қолға алды. Атуға тыйым салынды. Табиғат тыныштығын бұзатындарға жаза бұрынғыдан да күшейтілді. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының пәрменімен аң-құсты қорғау бағытында оң нәтижелерге қол жете бастады. Бізде бірен-сараны ғана болмаса, киіктер негізінен бүгінде Қазақстанның батыс және орталық өңірлерін мекендейді. Батыстық шаруалар егінімізді таптап жатыр деп Үкіметке киік санын азайтуды ұсынып отыр. Осы ретте Батысқа сыймай жатқан киіктерді неге бұрынғыдай Бетпақдалаға әкелмеске деген ой келеді. Оған не кедергі? Иә, бір кездері Бетпақдала төсінде ақбөкендер топ-тобымен өріп жүргенін білеміз. Қызық қуған жұмыр басты пенделер мен дала жыртқыштары олардың санын кемітіп жіберді.
Жағдай көшілгері
Осыдан 10-15 жыл бұрын инспекторлардың жұмыс жағдайына былайғы жұрттың төзе қоюы неғайбыл еді. Ескі көлік, қорғаныс құралы аз инспектор үлкен «Джип» мінген браконьерлерге қайдан қарсылық көрсетсін?! Сол кезеңдегі қиындықтар инспектор Сайд Абдуллаевтың әлі есінде.
– Бүгінге дейінгі инспекторлық қызметімде бастан талай қызық та, шыжық та өтті, – деді ол күле сөйлеп. – Рейдке шыққанымызда көлігіміз көбіне сорға батып қалатын. Қар қалың, ал, сордың оның астында қалғанын біз қайдан білеміз. Мінгеніміз «Нива» машинасы еді. Қазір жағдай өзгерді. Мысалы, өзіңіз көріп, қолмен ұстаған «Сайга» мылтығы әр топта бар. Әр топ 15 күн сайын вахталық кезекпен ауысып қызмет етеді. Арнайы пункт ретінде жабдықталған Камаз, екі Тойота Хайлюкс те бізге қысы-жазы үлкен көмек болып тұр. Техника мен байланысу құралдары жаңарған соң браконьерлер де аяқ тарта бастады, – дейді Сайд Сұлтанбайұлы.
Қазір инспекторлар Түркістан облысы, Арыс және Қаратау мемлекеттік қорық аймағына қарасты жерлердегі аң-құстарды браконьерлерден қорғайды.
– Бізде бәрі бекітілген жоспарға сай жүреді. Жалпы, жан-жануарларды қорғауда инспекторлар жаңа техника, арнайы киім және қарумен қамтылған. Жанармай мен азық-түлік те жеткілікті. Топ мүшелеріне іссапар шығыны төленіп, жылжымалы жатақхана берілген. Өкінішке қарай, заңның күшейтілгеніне қарамастан аң аулайтын қаскөйлер тыйылар емес. Біздің мақсат – олардың әрекетіне жол бермеу. Қазір мүйіз қабылдайтын Қытайға барар жолдар жабылды. Бұл енді мүйіз қабылданбайды деген сөз емес. Жасырын жолмен өткізетіндер де бар. Талайын көзіміз көрді. Мәселен, былтыр дәл осы аумақта киік аулаған қаскөйлерді ұстадық. Олар бірыңғай текелерді ұстап, мүйіздерін қағып алған. Қазір заң күшейгелі қаскөйлер киіктен аяғын тартып жүр, – дейді инспектор Дәулет Досалыұлы.
Оның айтуынша, биыл киікке қатысты қылмыстық іс тіркелмеген. Былтыр осыған қатысты 3 дерек сотқа жолданыпты. Жалпы, киік аулау саябырсығанымен, есесіне, заңсыз балық аулау, құс ату сынды оқиғалар ара-тұра болса да кездесіп қалады екен.
Айдың жартысын елсіз далада өткізетін инспекторлармен бірге ас ішіп, бірге түнеп, біраз жайға қанықтық. Бейбіт күннің нағыз батырлары осы жігіттер шығар. Сапар барысында жылт еткен кесірткеден бастап дала түлкісін, тіпті, сирек кездесетін борсықты да көрдік. Ара-тұра екі-үш ешкісі бар киік те кезігеді. Қорыта айтқанда, дала қорықшылары қорғайтын түз жануарлары баяғыдай емес, көбейіп келеді. Бұған неге шүкір демеске?!
