Ақпарат

АДАМ САУДАСЫ: Алаңдайтын жайт аз емес

Бұл мәселе қазір Қазақстанда ғана емес, әлемдік проблемаға айналып отыр. Ғаламды алаңдатқан жайтқа қарсы күрес өрістегенімен, бірақ түйткіл әзірге шешілген жоқ. Өйткені тереңдеп кеткен мәселе, ең алдымен, адамның өзіне байланысты екені де аян. Ал адам саудасымен күресте Қазақстанда қандай жұмыстар істелініп жатыр? Бұл мәселе Астанада өткен «Адам сау­дасына қарсы күресте ұлттық және халықаралық серіктестікті нығайту» атты халықаралық конференцияда кеңінен сөз болды. 

Жасырып қайтеміз, Қазақстанда құжатсыз құлдықта жүрген азаматтар жоқ емес. Мұны ұйымдастырып отыр­ған қылмыстық топтар да бар. Ішкі істер ми­нистрлігі  адам саудасына қарсы күрес басқармасының басшысы Самат Құсетовтың айтуынша, өткен жылы еліміздің оңтүстік облыстарында ұзақ уақыт кәмелет жасына толмаған жасөс­пірімдерді құлдықта ұстаған ұйымдасқан топтың әрекеті әшкереленді. Адам саудасымен айналысқан қылмыстық топтың құрамында 11 адам болған. Әртүрлі әрекет арқылы жас қыздардың сеніміне кіріп, оларды алдап торға түсірген. Жалақысы жоғары жұмыс ұсыныл­ған. Ал ақырында құжаттарын алып қойып, көнбеген жағдайда оларға зорлық-зомбылық көрсеткен.Тіпті ұрып-соғып есірткі қолдануға мәжбүр еткен. Ұйымдасқан топтың құрығына түскен­дердің жалпы саны –15. Олардың жетеуі – кәмелетке толмаған жасөспірім. Қазір қыл­мыстық топтың ісі сотта қаралып жатыр.

Ал жалпы адамдар құлдыққа неліктен түседі? Мұның себебі қайда жатыр? Ішкі істер министрлігі  адам саудасына қарсы күрес басқармасының басшысы Самат Кусетовтың дерегіне сенсек, негізінен әлеуметтік тұрғыдан табысы төмен немесе күнкөріс жағдайы нашар азаматтар осындай қылмыстық топтың арбауына түсіп қалады. Олар алдайды. Басында аздап ақша беруі мүмкін. Ақырында бәрін ақысыз жұмысқа жегеді. Сөйтіп, табыс іздеп барған азаматтар зорлық-зомбылыққа тап болады. 

Жалпы адам саудасы әлемнің барлық елінде бар. Алайда әр ел мұндай қылмыстық топтармен әрқалай күреседі. Өкінішке қарай, адам саудасына қатысты қылмыс Қазақстанда да азаймай отыр. Ресми мәліметке сенсек, жыл басынан бері елімізде адам саудасына қатысты 110 қылмыс анықталған.Бас прокуратура жанындағы құқық қорғау органдары академиясы ректорының міндетін атқарушы Қалиолла Сейтенов «халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың дерегінше, еңбек және жыныстық құлдыққа тап болғандардың саны әлдеқайда көп. Қазақстан адам құқықтары саласындағы 60-тан астам шарттың толық қатысушысы. Оның ішінде 13 шарт құлдықпен күреске байланысты» екенін айтты.

Жалпы адам саудасына қатысты күресте  Қазақстан тарапы қол қусырып отырған жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы әзірленді. 
– Құқық қорғау саласындағы тағы бір күрделі мәселе – адам саудасы. Бұған тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдау қажет. Мұндай заң адам саудасының құрбаны болған азаматтарды қорғау мен әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етеді. Бұл, әсіресе, жаһандық және өңірлік мәжбүрлі көші-қон жағдайында өте өзекті. Бұл ретте шешілмей жатқан мәселе көп. Тіпті жағдай күрделі деп те айтуға болады. Адам саудасы туралы халықаралық рейтингтер мен баяндамаларда Қазақстанның жағдайы онша емес. Ендігі кезекте барлық уәкілетті органдардың батыл әрі үйлесімді әрекеті керек. Қазақстанның заңнамасын халықаралық стандарттарға сай бейімдеген абзал, – деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Осыған орай Президент заңды әзірлеуге отандық заңгерлер және сарапшылармен қатар, халықаралық ұйымдардың өкілдерін тартуды тапсырғаны белгілі. Заң жобасы қазір Мәжілістің талқылауына ұсынылды. 
–Жаңа заң жобасы 6 тараудан тұрады және бірнеше міндетті іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, мемлекеттік саясаттың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін құру, жекелеген ұғымдарды халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру, қарсы іс-қимыл субъектілері болып табылатын мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың уәкілетті органын айқындау.Сонымен қатар уәкілетті органдардың құзыретін бекіту, ведомствоаралық үйлестіру және өзара іс-қимыл мәсе­лелерін реттеу, сауда құрбандарына көмек көрсету және кәмелетке толмаған жәбір­ленушілердің құқығын қорғау, – дейді бас прокуратура жанындағы құқық қорғау органдары академиясы ректорының міндетін атқарушы Қалиолла Сейтенов.
Сарапшылардың айтуына қарағанда,  отандастарымыз көбіне шетелге жұмысқа бару арқылы құлдыққа тап болады екен. Әсіресе, Бахрейн елінде мұндай жағдай жиі кездесіп отырған көрінеді. Жалақысы жоғары жұмыс іздеп, құр сөзге сеніп, алданып қалады. Әсіресе, құлдыққа көбіне әйелдер және кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер түседі екен. Мәселенің жай-жапсарын анықтау үшін қайтпек керек? Осы орайда алданып қалмау үшін заңды біліп,  ол қандай жұмыс орны, заңды тіркелген бе, алдымен оның ресмилігін анықтау қажет.
– Адамдардың құлдыққа түсуіне толыққанды ақпараттың болмауы, құқық сауатсыздығы, арзан жұмыс күшінің қолжетімділігі, шетелдіктердің заңсыз мәртебесі, интернеттің ықпалы, тез әрі жылдам ақша табуға ұмтылу сынды факторлар жиі себеп болады, – дейді Ішкі істер министрлігінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Адам саудасына қарсы күрес және қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау басқармасының бастығы Самат Құсетов. 
Демек, адам саудасына қарсы күресте Қазақстан тарапы жүйелі жұмыстар атқарып жатыр. Мамандардың айтуынша, Қазақстан Республикасында қылмыстық кодекстің 128 бабы, яғни адам саудасына қатысты заң бар. Бірақ өкінішке орай, әлсіз. Сондықтан Президенттің заңды күшейту туралы талабы өте орынды.

Бұл күн де аталып өтіледі

Әрине, бірақ бұл мереке емес. Десек те, жыл сайын 30 шілде күні «адам саудасына қарсы күрес» күні аталып өтіледі. Заңсыз бизнеске күрес және оған тосқауыл қою мақсатында және зорлық-зомбылыққа ұшыраған құрбандардың құқын қорғау мақсатында бұл күннің маңызы зор. Өйткені бұл мәселе ғаламдық тұрғыда әлі өзекті. 2010 жылдың 30 шілде күні Біріккен Ұлттар Ұйымы «Адам саудасына қарсы күрестің ғаламдық іс-әрекет жоспарын» жария­лады. Кейінірек 2013 жылы БҰҰ-ның бас ассамблеясы осыған байланысты арнайы ресми құжат қабылдады. Алайда қанша шара жасалынып, халықаралық құжат қабылданса да, адам саудасына қатысты әрекеттер тоқталмай отыр. БҰҰ-ның 2018 жылғы дерегі бойынша әлемнің әр 148 елінде 50 мың адам адам саудасының құрбаны болса, оның 46 пайызы – әйелдер, 19 пайызы – қыздар, ал мәжбүрлі түрде жұмысқа тартылғандар 38 пайыз болып отыр. Ғаламдық ауқымда қарасақ, әрбір үшінші бала – адам саудасының құрбаны. Соңғы 15 жылдың дерегіне қарасақ, еріксіз, мәжбүрлі түрде еңбекке тартылған құлдардың саны бес есе өскен.2022 жылы әлемде құлдыққа түскен адамдардың саны 50 миллионнан асқан.Әсіресе, адам саудасына қатысты мәселеде кедейлер, миранттар өте көп. Жайлы жер, табысты жұмыс іздеп шыққан олардың ішінде әсіресе, әйелдер мен балаларға өте қиын болып отыр. Ескерте кетер бір жайт, әлем шарасыз емес. 2023 жыл «Біз оларды құтқарайық!» деген ғаламдық ұранмен өтуде.Бірақ қаншама шара қолданылса да, адам саудасы тоқтар емес. БҰҰ және Еуропа кеңесінің дерегіне сенсек, қазіргі уақытта адам саудасы ең табысты көлеңкелі бизнестің біріне айналып отыр.Сарапшылардың бағалауына қарағанда, адам саудасынан жылына 150 миллиард доллар табыс түседі екен. Сөйтіп, адам саудасы әлемде сыбайлас жемқорлық, заңсыз миграция, лаңкестікке ұласып, ғаламдық қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр. 

Ашығын айту керек, адамдарды алдап-арбау тәсілі тәжірибе көрсеткендей, көбінесе интернет желісі арқылы жүзеге асады. Ең алдымен, хабарласқандар екінші адамға достық қатынасын ұсынады. Жоғары жалақы ұсынады. Табыс көзінің бар екенін айтады. Сөйтіп, сеніміне кіріп сөйлеседі. Ақырында алданған адамдар қақпанға түседі. 
Жалпы адам саудасына қарсы күрес ғаламдық ауқымда толас таппауы тиіс. Кез келген тығырықтан шығу адам баласының өзіне байланысты екені сөзсіз.Десек те мемлекет өте кедей болса, оның қайнар көзі халық қалай бай болсын?!

Адам саудасының құрбаны болмауға арналған кеңес

Шетелде жұмыс ұсынатын агенттіктің Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі заңды түрде лицензия алғанына көз жеткізіңіз.
Шетелге барар алдында еңбек келісімшартын жасаңыз. Сізге қол қоюға ұсынылатын келісімшартты мұқият оқып шығыңыз, түпнұсқалардың бірі сіздің қолыңызда қалуы керек. Сізді шетелге жіберетін фирмаға қатынасы жоқ заңгермен кеңесіңіз. Келісімшартта жұмыстың шарттары, сондай-ақ тұру, ақы төлеу және медициналық сақтандыру шарттары қарастырылуы тиіс.

Жұмыс визасын алыңыз, туристік виза сізге жұмыс істеу құқығын бермейді. Сіз барғалы отырған елшіліктен осы жұмыс түріне жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы сұраңыз.

Медициналық сақтандыруды алыңыз.

Барлық құжаттарыңыздың, визалардың, төлқұжаттардың кем дегенде екі данасын жасаңыз, бір данасын өзіңізбен алыңыз, екіншісін туыстарыңызға қалдырыңыз – бұл сіздің қолыңыздан құжаттарыңызды тартып алған немесе құжаттарыңызды жоғалтқан кезде көмектеседі.
Туыстарыңызға қайда және кіммен бара жатқаныңызды айтыңыз, телефон нөмірлерін, тұрғылықты жеріңізді қалдырыңыз. Отбасыңызбен келісіңіз, егер сіз белгілі бір уақытта қоңырау шалмасаңыз, бұл сізге қауіп төніп тұрғандығын білдіреді.

Кетер алдында сіз кіретін елде сізге көмектесе алатын ұйымдардың мекенжайы мен телефон нөмірін біліп, есте сақтағаныңыз жөн. Бұл Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері, үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ жұмыспен қамту еліндегі көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның кеңселері.

Және әрине, сіз баратын елдің тілін, сіздің мамандығыңыз сәйкес келетінін, таңдалған жұмысқа қойылатын біліктілік және т.б.
Егер сіз «құл саудасының» құрбаны болсаңыз,  қашып кетсеңіз, консулдығыңыздан немесе басқа елдімекеннен қолдау іздеңіз.
Есіңізде болсын! Құжаттарыңызды ешкімге бермеңіз, ешқандай жағдайда, көші-қон қызметі мен құқық қорғау органдарының өкілдерінен басқа.

Сіздің төлқұжат тек сіздікі! Қырағылық, байқампаздық танытыңыз, кез-келген ұсақ-түйекке назар аударыңыз.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ ЖИЫНЫ ӨТТІ

Damu info

Адам саудасын кім тоқтатады?

Damu Info

Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде

Damu Info