Ақпарат

Қазығұрт ауданында заманауи спорт кешені пайдалануға берілді

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ елді мекенінде заманауи ашық және жабық үлгідегі спорт кешені пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары үшін маңызды нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпаз атанған ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы туралы бастама көтерген болатын. Бұл акция елімізде кең қолдау тауып, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Осы акция аясында ауылдық аймақтарда тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында облыс әкімдігінің бастамасымен «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Байқау нәтижесінде Шарбұлақ ауылы жеңімпаз болып танылып, тұрғындардың өтінішіне сәйкес осы спорт кешенін салуға қаражат бөлінді. Ашылып отырған спорт кешенінде спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа нысан Қазығұрт ауданының спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев та құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кешенде бұқаралық спорт дамитынына сенім білдірді. Сонымен бірге Сәкен Бибосынов, Қайрат Ералиев, Шынболат Райханов сынды әлем чемпиондары да жаңа спорт нысанына оң бағаларын берді.

Облыс әкімі мен ауыл ақсақалдары, қонақтар спорт кешенін ресми түрде ашқан соң нысанның ішін аралап, жаттығу залдарының жабдықталуымен танысты. Әкім жас спортшылармен кездесіп, оларға сәттілік тілеп, бұқаралық спортты дамыту өңір үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Спорт кешенінің құрылысын «VERTEX BUILD» ЖШС жүргізген. Жобаға 500 млн теңгеден астам қаржы қаралған. Спорт кешенінің жалпы аумағы – 2,83 гектар, ғимараттың ауданы – 1720 шаршы метрді құрайды. Нысанның ішкі бөлігінде күрес, бокс, заманауи тренажер залдары және жабық футбол манежі орналасқан. Ал сыртқы аумағында баскетбол, волейбол, футбол, жеңіл атлетика алаңдары, «street workout» (көше жаттығулары) құрылғылары мен балалар ойын алаңшалары орнатылған.

Қазіргі таңда спорт кешенінде бокс, еркін күрес және футбол спорт секциялары жұмыс істеп, 300-ге жуық жасөспірім тұрақты түрде спортпен айналысуда. Нысанның ашылуымен 10 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 112 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. Оның ішінде 102 спорт нысаны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал 10 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталады.

Сондай-ақ, Бәйдібекте жаңа спорт кешені пайдалануға берілді.

Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы Ақбастау елді мекенінде жаңа спорт кешені ел игілігіне берілді. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев қатысып, ауыл тұрғындарын замануи спорт нысанының ашылуымен құттықтады. ҚР Президентінің салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында ауданда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Нысанның құрылысын «Trendim KZ» ЖШС 2024 жылдың тамыз айында бастаған. 1 гектар аумақта орналасқан ғимараттың ауданы 939 шаршы метр. Мұнда воллейбол, баскетбол, кіші футбол, күрес, дзюдомен айналысуға барлық жағдай қарастылған. Бұл кешен ауыл жастарының бас қосып, кәсіби спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бүгінде Бәйдібек ауданында 238 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы және 177 спорт алаңы бар. Аудан спортшылары биыл түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңір намысын абыроймен қорғап келеді. Атап айтқанда, спортшылар тоғызқұмалақ, волейбол және еркін күрес түрлерінен жүлделі орындарға ие болды.

Қатысты жаңалықтар

КӨЛІК-ЛОГИСТИКА САЛАСЫН ЖЕТІЛДІРУ – ЖАҺАНДЫҚ НАРЫҚҚА ШЫҒУДЫҢ БАСТЫ ТЕТІГІ

Damu info

ТҮРКІСТАННАН АБАЙ ОБЛЫСЫНА КЕРУЕН АТТАНДЫ

Damu info

Адам саудасына қарсы күрес күшейе береді

Damu Info