Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауылдық округтерінің бірқатар елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы, депутаттар мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарынның қуанышын бөлісіп, құттықтады.
– Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданымыздағы шалғай елді мекендердің таза ауыз суға қол жеткізуі – мемлекетіміздің халық игілігі жолындағы табанды еңбегінің нақты нәтижесі. Президентіміздің тапсырмасы аясында мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға бағыттау – елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бүгін іске қосылған жаңа ауыз су жүйесі мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл – ауданымыздың даму жолындағы үлкен жетістік, – деді аудан әкімі.
Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Әлімтау ауылдық округінің Тасқұдық, Жылға ауылдық округінің Шеңгелді, сондай-ақ Дарбаза ауылдық округінің Сарысу елді мекендері орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» ЖШС атқарды.
Сарыағаш ауданында бүгінгі таңда 1 қала, 13 ауылдық округ бар. Онда жалпы 63 елді мекен орналасқан. Соңғы жылдары ауыз су инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұған дейін 79,3 пайызды құраған орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші айтарлықтай өсуде. Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе, Сарқырама және Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су беріліп, көрсеткіш 85,7 пайызға жеткен болатын.
Бүгін қосылған Сарысу, Тасқұдық, Шеңгелді елді мекендеріндегі ауыз су жүйесінің есебінен тіршілік нәрімен қамтылған ауылдар саны 59-ға, ал көрсеткіш 93,7 пайызға дейін артты.
Достық елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Сарыағаш ауданындағы Достық елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысты. Достық елді мекенін ауыз сумен қамту мақсатында республикалық бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары «Универсал Строй Сервис» ЖШС арқылы жүзеге асырылған. Жоба аясында сыйымдылығы 500 текше метр болатын екі су резервуары, сондай-ақ қуаттылығы 63 кВА трансформатор қондырғысы орнатылды. Нәтижесінде 890 абонент таза ауыз сумен қамтылып отыр.
Айта кетсек, биыл Сарыағаш ауданында жалпы 8 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, ауыз сумен қамту деңгейі 12,76 пайызға артып, 92,1 пайызды құрады.
Сондай-ақ, Сауран ауданында 1 мыңнан аса тұрғыны бар елді мекеннің ауыз су жүйесі жаңғыртылып жатыр.
Сауран ауданында елді мекендердегі ауыз су мәселесі шешімін тауып келеді. Атап айтар болсақ, бүгінде ауданға қарасты Мәшһүр Жүсіп елді мекенінің тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қосымша су ұңғымасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде елді мекенде 129 тұрғын үй, 1 127 тұрғын бар және олардың барлығы ауыз су жүйесіне қосылған. Мәшһүр Жүсіп елді мекенінің тәуліктік қажетті су тұтыну көлемі 135 текше метрді құрайды. Елді мекен ішіндегі магистральды су құбырының жалпы ұзындығы 14,4 шақырым, ішкі су құбыры желісі 5,6 шақырым, ауыл аумағында 50 текше метрлік су мұнарасы орналасқан.
Қазіргі таңда қолданыстағы ұңғымадан алынатын ауыз судың түсі өзгеруіне байланысты, тұрғындарды сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында қосымша су ұңғымасын қазу жұмыстары қолға алынған. Нысанды аралау барысында аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Бөкебаев жауапты сала мамандарына құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды, санитарлық талаптардың толық сақталуын және жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
