Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. Түркістан облысында шетел азаматы басқарған ұйымдасқан қылмыстық топтың алаяқтық әрекеттері анықталды.
Облыстық прокуратураның арнайы прокурорлары алаяқтық және ұйымдасқан қылмыстық топ құру деректері бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
Тергеп-тексеру барысында 2024-2025 жылдар аралығында шетел мемлекетінің азаматы ел аумағында әрекет етіп, интернет және телефон байланысы арқылы алаяқтық жолымен 21 жәбірленушіге жалпы сомасы 125 млн теңгеден астам залал келтірген ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және басқарғаны белгілі болды.
Алаяқтық қылмыстар мобильді байланыс құралдарын пайдалану арқылы жасалған. Күдіктілер өздерін пошта ұйымдары мен байланыс операторларының қызметкерлері ретінде таныстырып, алдау жолымен азаматтардың атына несие рәсімдеп, алынған ақшалай қаражатты иемденген.
– Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жәбірленушілерге 20 млн теңге көлеміндегі қаражат қайтарылды. Сонымен қатар күдіктілерге тиесілі 3 автокөлікке тыйым салынды. Қалған залал сомасы сот тәртібімен мәжбүрлеп өндіріледі, – делінген прокуратура хабарламасында.
Қылмыстық іс аясында 20 күдікті қамауға алынды. Тағы 2 адамға халықаралық іздеу жарияланды.
Бұдан бұрын Түркістан облысында 2025 жылы интернет-алаяқтарға ұрынғандар 1,6 млрд теңгесінен айырылғанын жазған едік.
Сондай-ақ, Түркістан облысы Полиция департаменті облыс тұрғындарын дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақырады.
Ескертеміз, онлайн сауда жасайтын кезде күмәнді транзакциялардан бас тартыңыз! Банк картасының деректерін, шот номерін және қауіпсіздік кодын бөтен адамға бермеңіз! Банктердің күмәнді сілтемелерін ашпаңыз! Күмән туғызған сілтеме бойынша кіріп, ол жерге жеке мәліметтеріңізді енгізбеңіз! Танымайтын адамға ақша аудармаңыз!
Егер банк картаңыздан ақшаны заңсыз алып қойса, дереу банкке немесе полицияға хабарласыңыз!
