Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ МЕН СТАЛКИНГКЕ ҚАРСЫ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысында ҚР заңнамасына сәйкес, сталкинг пен қыз алып қашудың заңға қайшы әрекет екені туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Айгерім Жарқынбек брифингте мәлімдеді.

“Қазіргі қоғамда адам құқықтары мен жеке бостандықтарына қол сұғатын әрекеттердің бірі – сталкинг пен қыз алып қашу. Бұл соңғы жылдары қоғамда кеңінен талқыланып, алаңдаушылық тудырып отырған мәселелердің бірі. Облыс көлемінде алып қашудың құрбаны болғаны қыздарға қолдау көрсету және аталған жағдайлардың алдын алу мақсатында кең көлемді жұмыстар атқарылуда. Егер де адамның еркінен тыс онымен байланыс орнатуға және оны аңдуға бағытталған, елеулі зиян келтіруге алып келген әрекеттер – 200 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынады. Заңнамаға сәйкес, қыз алып қашқандар – 2 жылға дейін бас бостандығын айрылуы немесе 2 000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынатын болады”-деп баяндады спикер.

Сондай-ақ, мұндай шаралар Түркістан облысының біршама аудандарында жалғасын табуда. Созақ ауданында орналасқан «Мыңжылқы» мәдениет сарайында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған «Сталкингті тоқтат!» атты форум–диалогі ұйымдастырылды.

Форум барысында сталкингтің қоғамға төндіретін қаупі, оның түрлері мен салдары кеңінен талқыланды. Мамандар сталкингтің мазаны алатын хабарламалар мен қоңыраулардан басталып, психологиялық қысым мен нақты қауіпке ұласуы мүмкін екенін атап өтті. Адамның жеке өміріне қол сұғу, жүйелі түрде қудалау – зорлық-зомбылықтың бір түрі екені түсіндірілді.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы қауіпсіздік – әрбір азаматтың айнымас құқығы екенін атап өтіп, қоғам болып құқық бұзушылықтың алдын алудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, құқық қорғау саласының өкілдері қолданыстағы заңнамаларға енгізілген өзгерістер туралы айтып, 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасында сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік заң жүзінде енгізілгенін жеткізді.

Форум аясында сталкинг туралы арнайы бейнеролик көрсетіліп, қатысушыларға түсіндірме брошюралар таратылды. Дәл осындай форум Сауран ауданында да жалғасты. Түркістан облысы полиция департаменті арнайы және кәсіби даярлық басқармасының бастығы Ерлан Шамшат, Сауран аудандық полиция бөлімінің бастығы Алмат Абидинов, мектеп оқушылары, колледж студенттері, ата-аналар, педагогтар, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Шара барысында сталкингтің негізгі белгілері, оның психологиялық және құқықтық салдары, жәбірленушілердің құқықтары мен оларды қорғау тетіктері жан-жақты қарастырылды. Қатысушылар арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, жастарға нақты өмірлік мысалдар мен сахналанған көріністер арқылы қолданыстағы заң талаптары түсіндірілді. Форум аясында сөз сөйлеген Алмат Абидинов заңсыз әрекеттерге нөлдік төзімділік қағидатын ұстану қажеттігін атап өтіп, әрбір азаматтың қауіпсіздігі мемлекеттің басты құндылығы екенін жеткізді. Ата-аналар мен ұстаздарға балалардың мінез-құлқына мұқият болу, күмәнді жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлау қажеттігі ескертілді. Ал жастарға өз құқықтарын білу мен заңды құрметтеу – қауіпсіз әрі тұрақты болашақтың негізі екені түсіндірілді.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТ: ЖЕТІ ҚАЛАҒА ТІКЕЛЕЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕ РЕЙСТЕРІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Damu info

ПРЕЗИДЕНТ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АЙМАҚТЫ ДАМЫТУ ТӘЖІРИБЕСІН ОҢ БАҒАЛАДЫ

Damu Info

САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК НЫҒАЙДЫ

Damu Info