Түркістан облысында полицейлер жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және қауіпсіз қоғам қалыптастыру мақсатында оқушылармен кездесу өткізді. Іс-шара Кентау қаласында орналасқан Д. Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектепте өтті.
Кездесуге Түркістан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Умбеталиев, жедел уәкіл Бексұлтан Ташимов, мектеп әкімшілігі және Кентау қалалық полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының инспекторы Н. Парманов қатысты. 300-ден астам оқушыны қамтыған жиында нашақорлықтың, лудоманияның, дропперлік қызметтің, есірткіні заңсыз тасымалдаудың, терроризм мен экстремизмнің алдын алу, сондай-ақ буллинг, кибербуллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Ерлан Умбеталиев оқушыларға өмір қауіпсіздігі, құқықтық жауапкершілік пен дұрыс өмірлік таңдау жасаудың маңыздылығы туралы айтып, сапалы білім алып, заңға бағынатын, елжанды азамат болып қалыптасуға шақырды.
Мұндай шара Шардара ауданында жалғасты.
Полицейлер жоғары сынып оқушыларымен «Қауіпсіз балалық шақ» концепциясы аясында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шарада жасөспірімдерге құқық бұзушылықтың алдын алу, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және заң талаптарын сақтау жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Іс-шараға Шардара ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Қасымхан Сатыбалдиев пен қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы Құрманалы Абитаев, сондай-ақ мектептің әкімшілік құрамы қатысты. Шара барысында полиция полковнигі Қасымхан Сатыбалдиев оқушыларға олардың құқықтары мен міндеттері жайлы кеңінен түсіндіріп, қауіпсіздік пен заң талаптарын сақтау жөнінде маңызды ақпарат берді.
Сонымен қатар кез-келген қауіп төнгенде немесе құқықтары бұзылғанда үнсіз қалмай, полиция қызметінің көмегіне жүгіну қажеттігін ескертті. Өз кезегінде полиция Құрманалы Абитаев оқушылар қауіпсіздігі – әр баланың басты құқығы екенін айтып, балаларды заңды сақтап, тәртіпті болуға және бір-біріне құрметпен қарауға шақырды.
