Жаңалықтар

БІЗДІҢ МАҚСАТЫМЫЗ – ӨҢІРІМІЗДІҢ ӘРБІР ТҰРҒЫНЫНЫҢ ӨМІР СҮРУ ДЕҢГЕЙІН АРТТЫРУ ЖӘНЕ ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ!

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дербісек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ашық форматта пікір алмасты. Сарыағаш ауданында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.Сонымен қатар алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын айтты.

– Әрбір мәселенің шешу жолдарын қарастырып, шаралар қабылдаймыз. Барлық жұмыстар кезең – кезеңімен, маңыздылығына байланысты жүзеге асады. Сондықтан, құрғақ уәде бере алмаймын. Айтылған мәселелер орынды. Алдағы уақытта ауданды әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту жұмыстары қарқынды жалғасатын болады, – деді Арман Абдуллаев

Жиын барысында ауыл тұрғындары тарапынан ауыз су және өзге де әлеуметтік мәселелер көтеріліп, қойылған сұрақтарға заң аясында тиісті жауаптар берілді.

Алдыңғы кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді шешу мақсатында арнайы іс-шара жоспары әзірленіп, бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Дербісек елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 30 көшенің жалпы ұзындығы 29 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді. Жөндеу жұмыстары О.Жандосов, Қ.Сәтбаев, С.Сейфулин, А.Рахметов, С.Садыков, А.Молдағұлова, Е.Омарханов, И.Жүнісбеков, Б.Тұрдықұлұлы, Қожагелді ата, К.Пралиев, Б.Бектасұлы, Қажымұқан, Амангелді, Абай, Ғ.Мұратбаев, Түктібай ата, А.Құралов, Қ.Төлешов, О.Мамбетов, Н.Абдиров, Жаңа жол, Т.Абдрахимов, Шапағат, Шоңғара ата, Р.Сейтімбетов, Бәйтерек, Ж.Жабаев, №1 және №2 көшелерінде жүргізілді. Аталған жұмыстарды «АРТД групп» ЖШС мен «Байырқұм» ЖШС мердігер мекемелері жүзеге асырды.

Ауыз сумен қамту бағытында қосымша жабық су жүйесі (гидрант) орнатылып, Р-3 су көзін пайдалану бойынша тиісті келісімшарт жасалды. Нәтижесінде елді мекен тұрғындары ауыз сумен қамтылды. Сонымен қатар, №76 жалпы орта мектебіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. №22 Елшібек батыр атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш бөлімінде жаңа модульді асхана құрылысы жүргізіліп, нысанды мектепке табыстау жұмыстары атқарылуда.

Атамекен елді мекенінде бір күнде 24 адамды қабылдай алатын медициналық тіректің құрылысы толық аяқталып,тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Аталған нысанның мердігері – «Барыс Строй-2030» ЖШС. Бұдан бөлек, Т.Қожахметов көшесінде жарықтандыру жұмыстары атқарылды.

Сонымен қатар Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Ақжар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту бағытында 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндап, 2026 жылға жоспарланған міндеттермен бөлісті. Кездесу алдында аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген ұсыныс-пікірлерді тыңдап, заң аясында түсіндірме берді. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан айтылған әрбір мәселе назарға алынып, тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді. Жиын барысында Арман Абдуллаев тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, атқарылған жұмыстардың нәтижесіне ауыл тұрғындары оң бағасын берді.

2025 жылы Ақжар елді мекені аумағындағы КХ-49 облыстық маңызы бар автомобиль жолының 25-шақырымында, Ханым каналы арқылы өтетін көпірге орташа жөндеу жұмыстары мердігер – «MARDEN Group» ЖШС тарапынан жүргізілді. Сонымен қатар, Д.Қонаев көшесінің 2,3 шақырым аумағына суағар орнатылып, бұл жұмыстарды «Bairkum company» ЖШС жүзеге асырды. Жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрайтын қашыртқылар механикалық тазалаудан өткізіліп, арнасы кеңейтілді. Бағыс елді мекеніндегі Алматы, Егемендік, Түркістан және Бейбітшілік көшелерінде жарықтандыру жұмыстары жүргізіліді. Сондай-ақ Алматы, Егемендік және Түркістан көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары «ART GROUP» ЖШС тарапынан орындалды.

2026 жылға жоспарланған жұмыстарға сәйкес Ақжар елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Аталған жоба 2025 жылдан өтпелі болып табылады және мердігер ұйым ретінде «Сақ-Құрылыс» ЖШС бекітілген. Бұдан бөлек, Күншуақ көшесінде балаларға арналған ойын және спорт алаңшасын салу, С.Мырзахмет, А.Байтұрсынов, Батырхан ата, Бегалы ата және Қажымұхан көшелеріне жарық шам бағаналарын орнату, Қасымхан, О.Тұрғанбек, Д.Қонаев және Ешмат ата көшелеріндегі жарық шамдарын жөндеу, Қасымхан көшесінде орналасқан арка мен төлқұжатты жөндеу, сондай-ақ жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын қашыртқыларды механикалық тазалаудан өткізу жұмыстары жоспарланған.

Айта кетейік, сондай-ақ Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Қызылжар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынға аудан прокуроры Мақсат Мошқалов, аудандық полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Бекболат Джигитов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының Сарыағаш газ шаруашылығы бөлімі, сондай-ақ «Қарабастау-Строй» ЖШС директоры Бағдат Төлемісов қатысты.

Кездесу барысында Қызылжар ауылдық округіне қарасты бірқатар тұрғын үйлердің газ жүйесіне заңсыз қосылуына байланысты туындаған мәселелер айтылды. Аталған заң бұзушылықтар салдарынан қызмет көрсетуші мекеме — «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ тарапынан тұрғындарға айыппұл салынып, кейбір азаматтардың есепшоттары бұғатталған. Бұл мәселе бойынша аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес полиция басқармасы тарапынан тұрғындардың арыздары негізінде тергеу жұмыстары жүргізілген. Алайда, кейбір тұрғындар арыздарын қайта қайтарып алған жағдайлар да орын алған.

Сала басшылары ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап, мәселені заң аясында шешу жолдарын талқылады.

– Бұл даудың соңғы нүктесін сот қояды. Аталған мәселе менің тікелей бақылауымда болады, – деп атап өтті Арман Абдуллаев.

Сондай-ақ, аудан басшысы әрбір тұрғынға салынған айыппұл мөлшерінің Қазақстан Республикасының қай заңнамалық нормаларына сәйкес есептелгенін жан-жақты зерделеуді тапсырды. Қызылжар ауылдық округінің әкіміне «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының Сарыағаш газ шаруашылығы бөлімімен бірлесе отырып, нақты тізім жасауды жүктеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне бұл мәселені толық қадағалауға алу міндеттелді. Аталған тапсырмалардың орындалуын бақылау аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары М. Байгабуловқа жүктелді.

Қатысты жаңалықтар

ТҮЛКІБАСТА ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫН ҚҰРУ ЖӨНІНДЕГІ МЕГА ЖОБА БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛДІ

Damu Info

Біздің басты мақсатымыз – Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту

Damu Info

Жастар арасында «Мен – лидер!» атты білім беру және ақпараттық шаралар өткізілді

Damu Info