Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан ауылында аудандық прокуратура ғимараты пайдалануға берілді. Ел игілігіне ұсынылған жаңа нысанның ашылу салтанатына ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Миразов, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан жұртшылығы мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ғимараттың лентасын қиюға арналған салтанатты жиынға арнайы қатысқан Бас прокурордың орынбасары Ғабит Садырбеков көпшілікті қуаныштарымен құттықтады. Ордабасы ауданы прокуратурасының ұжымына алдағы уақытта да азаматтардың құқықтарын, заңдылықтың сақталуын қадағалау мен қорғау бағытында абыройлы еңбек етулеріне тілектестігін білдірді. Прокуратура қызметкерлерінің сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасау арқылы жоғары жұмыс көрсеткішіне жету – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Салтанатты іс-шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов заңның үстемдігін қамтамасыз ететін орган қызметкерлерін заманауи жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, аудандық прокуратураның жұмысына сәттілік тіледі.– Бүгін біз үш жүздің басы қосылған, қасиетті Ордабасы ауданында қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Прокуратура қызметкерлері үшін заманауи кеңсе пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жұртты саяси прагматизмге шақырып, қоғамда заң мен тәртіпті орнықтыру маңызды» деп атап өткен болатын. Ол үшін прокуратураның қажырлы еңбегі қажет. Өйткені бұл орган құқықтық жүйенің дамуы мен болашағына деген сенімнің символы, – деді З.Жолдасов. Сондай-ақ, сала қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау – «Әділетті Қазақстан» идеясымен де үндесетін игі қадам. Бас прокуратурадан келген өкілдер аудан прокуратурасының ұжымы бұл ғимаратта қоғамның барлық саласында азаматтардың құқықтарын қорғау жолында аянбай еңбек ете береді деп сенім артты. Пайдалануға берілген нысан заманауи талаптарға толық жауап береді. Мұнда заңдылықты қадағалау органы қызметкерлерінің сапалы жұмыс істеуіне қолайлы жағдайдың бәрі жасалған. Билік өкілдері ғимараттың құрылысын сапалы әрі уақытында аяқтауға атсалысқан барлық азаматтарға алғыс білдіріп, мердігер компания өкілдері мен жұмысшыларын марапаттады. Қонақтар жаңа нысанды аралап, аулаға ағаш отырғызды. Нысан жергілікті бюджет есебінен бой көтерген. Аумағы 0,2 гектар жерді құрайтын алаңы 860 шаршы метрлік екі қабатты ғимараттың құрылысы былтырғы қыркүйекте басталған.
Алдынғы жаңалық
Келесі жаңалық
