Ақпарат

Есірткі – ессіздікке бастар жол, емделу – ерлік!

Осыдан ширек ғасыр бұрын Арыс қаласында бір ақсақалдың үйінен өзі отырғызған көкнар өсімдігі тәркіленді. Әрине, іс қозғалып, сотқа өтті. Тергеуге берген жауабында ақсақал көкнардың тұқымын Сырдария өзенінің арғы бетінде тұратын бір азаматтан ем үшін сатып алғанын, көк жөтелі қысып, қиналған уақытта осыдан дертіне дауа табылғанын айтқаны есте. Әлбетте, емделудің бұл түрі заңмен рұқсат етілмеген. Бірақ, көкнарды көкжөтелді емдеуге емес, күнделікті тұтынуға әуестеніп, есірткіге тәуелді болғандардың тағдыры қауіптірек. Бүгінде еліміз бен өңірімізде есірткі дертінен айықтыру амалдары қалай жүзеге асырылады? Дамыған шет мемлекеттерде бұл мәселеде озық тәсілдер аз емес көрінеді.

Мәселен, Қытайдың ірі қалаларында есірткіден айықтыру орталықтары жұмыс істейді. Онда емге мұқтаж әрі полиция тарапынан арнайы тізімге алынған есірткі тұтынушыларды осы бейімдеу орталығына алып келеді. Ондағы емдеу шаралары 3 түрлі тәсілмен жүзеге асырылады.  

Біріншісі – ағзалық бейімдеу. Есірткі тұтынушыны оны қолдану ұзақтығына қарай арнайы палаталарда емдейді. Медициналық көмек науқастың дәрежесіне қарай көрсетіледі. Айталық, сырқаты асқынған адам шөп шеккеннен гөрі тамырға ине салғанды ұнатады. Себебі, дерт дендеген сайын шөптің әсері кемиді. Сондықтан науқас әсері жоғары есірткі пайдалануға көше бастайды, мәселен, тамырдан ине арқылы сұйық түрін жібереді. Олардың емдеу палаталары бөлек. Ал, анаша шегетіндерге темекі ұнтағы мен жеңілдетілген есірткі шөбінің қоспасы бар арнайы медициналық өсімдікті иіскету арқылы науқастың мауқын басу тәсілі қолданылады.  

Бейімдеудің екінші түрі – адамның санасы, жүйкесі арқылы, яғни рухани емдеу тәсілі болып табылады. Бейімдеу орталықтарында әр күн сайын есірткіден келер зиянды, адам ағзасына одан төнетін қатердің түрлі сатыларын баяндайтын деректі фильмдер көрсетіледі. Дертті нақты көрініс арқылы көз алдына елестетіп, емделушіні осы жағдайдан сабақ алуға шақырады. Мұнда олардың көз алдына есірткі пайдалану салдарынан адам ағзасының қалай ыдырайтыны, іріп-шіру халіне дейін жететін құбылысын анық та нақты көрсетіп береді. Барлығын арнайы мамандар құжаттармен дәлелдейді әрі бейне көрсету арқылы әсерлі баяндайды.  

Үшінші тәсілі – дене қозғалысы арқылы емдеу. Мысалы, су спортының адам ағзасының тазаруына әсері мол. Әсіресе, есірткіге тәуелді адамды суда ұстау Қытайдағы емнің бір түрі екен. Бұған денешынықтырудың басқа да түрлері кіреді. Көбіне есірткі тұтынушылар аз қозғалады. Дене қимылынан, жалпы спорттан алшақтайды. Бірқатарының мінезі тұйықталып, басқа адамдармен қарым-қатынасы үзіледі. Сондықтан оларды өздерінің «жеке әлемінен» алып шығу үшін түрлі қозғалысқа, бірте-бірте спортқа, оның ішінде волейбол, баскетбол ойындарына тартады.  

Ендігі жерде елдегі жағдайға оралсақ. Біздегі дәрігерлер маскүнемдік пен нашақорлықтан толық айығуға болатынын айтады. Республикада аталмыш дерттен айықтыратын диспансерлер әрбір өңірлерде бар. Наркологиялық көмек бірнеше сатыдан тұрады. Бұл профилактикалық көмек, науқастың бастапқы сатысын анықтау, есепке алу және айықтыру мен ары қарайғы емді қамтиды. 

Сонымен, емдеу қалай жүргізіледі? Облыстық наркологиялық диспансер мамандарының айтуынша, ең алдымен сауықтыру шаралары жүреді, кейін бірте-бірте басқа сатыға көшеді. 

Соңғы сатысы бұл – айықтыру емі. Бұл бөлімде наркологтар болмайды, онда тек психологтар, психотерапевтер мен терапевт қызмет атқарады. Науқастың отбасы мүшелерімен де тиісті жұмыстар жүргізіледі. 

Негізі бұл дертке шалдыққандарға жай ем қабылдаушы ретінде қараған абзал. Себебі, жабырқау күйдегі «жаны жаралы адамға» бұл аса қажет. Оларға емдеу барысындағы қас-қабағың қатты сезіліп тұрады. Есірткіге есі кетіп, дертке шалдығып, шипа іздеген адамға қатысты «бұл шаруасы біткен адам, қоғамға пайдасы жоқ» деген пікірден аулақ болған жөн. 

Емдеу психикалық денсаулық орталықтарында, наркологиялық диспансерлерде, жеке ақылы орталықтарда, республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталықтарында жүргізіледі. 

Иә, нашақорлыққа шалдыққан адам емделіп, толық айығуы мүмкін, бірақ, бұл ұзақ, күрделі және көпқадамды процесс. Психиатр-наркологтардың айтуынша, тәуелділіктен құтылу адамның ниетіне, жүйелі ем мен оңалтуға және қоғам мен отбасының қолдауына тікелей байланысты.

Жақын танысым куә болған бір жағдайды айта кетуді жөн көріп отырмын. Тоқсаныншы жылдары полицияда Мұрат есімді (аты өзгертіліп алынды) жігіт қызмет атқарды. Еңгезердей, тепсе темір үзетін денелі азамат еді. Өзі есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінде жұмыс істеген. Онымен қызметтес болған жігіттен естігенім, әуестіктен бе, әйтеуір біраз уақыт марихуана шегіп жүреді. Бір күні достары әлгінің инеге отырғанын естиді. Бұл әрекетіне әрине, қызметтес достары араша түсіп, қойсаңшы деген ескертуді талай айтады. Туыстарының да талабын елемеген ол «әдетін» жалғастыра береді. Емделуге үндеген достарына: «Мен науқас емеспін, өзімді толық бақылауда ұстай аламын» деп жауап береді екен.  

«Көз алдымызда атпал азаматтың күн өткен сайын шөгіп, еріген балмұздақтай кішірейіп бара жатқанын көргенде жүрегіміз ауырды. Бір күні «передозировкадан өліпті» дегенді естідік» дейді қызметтесі. Бұл өзіміздің облыста орын алған оқиға.

Ертеректе Ташкенттен Мәскеуге қатынайтын № 5-ші жүрдек пойызынан полицейлер Шеңгелді мен Арыс стансалары аралығында бір азаматты қолға түсіргені есімде. Киім киісі сырт көзге нағыз білімді һәм зиялы көрінетін әлгі күдіктіден марихуана тәркіленеді. Тоқсаныншы жылдардың аяғында көлік полициясында тергеуші болатынмын. Есірткіге қатысты осы қылмыстық істі тергедім. Күдіктіден жауап алдым.

– Иә, менен тәркіленген зат өзімдікі. Үш-төрт күнде бір мәрте марихуана шегемін. Онда тұрған не бар? Мен, бірақ, науқас емеспін. Өзіме-өзім есеп бере аламын, – деп жауап берді. 

Наркологиялық сараптама тағайындалды. Ондағы дәрігерлер айыпталушыны есірткі затына тәуелді адам деп танып, «6 ай мерзімге ықтиярсыз емдеуді қажет етеді» деген қорытынды шығарды. 

Осы орайда айтпағым, кейбір азаматтар есірткіні «мынау жеңіл түрі, бұл ауыры» деп, оны топқа бөліп жатады. Әлгі сотталған азамат та сондай пікірде болатын. Ендігі жерде осы сауалды біз мамандарға қойып көрдік.

– Марихуана бұл – есірткі заты. Оны үздіксіз тоқтамай шеккен адам нашақорлықтың бірінші сатысына шалдығады. Әрине, героин сияқты оның дәрежесі ауыр емес, алайда, оны жеңіл деп қарай алмаймыз. Тіпті, темекінің өзі психоактивті затқа жатқызылады. Сондықтан дене клеткаларына, мидың жұмыс істеу қабілетіне кері әсері бар марихуананы есірткі деп танимыз, – деді жоғары дәрежелі психиатр-нарколог Пернехан Жолымбеков. Маманға басқа да сұрақтар қойдық. 

– Нашақорлыққа шалдыққан адам емделіп, толық айығып кете алады ма?

– Бастапқы сатысында толық емделіп, айығып кете алады. Мәселе науқастың қаралуға қай кезде келетінінде! Егер дерті дендеп, ауруы асқынып кететін болса және емделуге бет бұрмай жүріп алса әңгіме басқа. Белгіленген соңғы деңгей бар, сол кезді өткізіп алмау маңызды.   

– Науқас адамды есепке алу мерзіміне тоқтала өтсеңіз?

– Диспансерлік есепке 5 жыл мерзімге алынады. Осы уақытта ол бақылауда болады. Бір немесе екі айда бір рет жүйелі түрде анализ тапсыруы тиіс. Дәрігер оны қарап, бақылауда ұстайды.   

Тағы бір дерек. Есірткі тасымалдаушылар «тауарын» діттеген жеріне жеткізу үшін қандай қитұрқы амалдарға бармайды десеңізші! Құзырлы органда жүргенімде мынадай оқиғаның куәсі болдым. Пойызда есірткі тасымалдаған күдікті ұсталып, ол уақытша ұстау абақтысына қамалды. Жедел уәкілдер тыңшыларын қосып, әлгінің ішінде, яғни асқазанында жеке-жеке түйіршіктеліп, целлофанға оралған апиынның барын білді. Тергеу тобы күдіктіні тамақтандырып, үлкен дәретке шығатын уақытын күтті. Нәжісінен «есірткі құмалақтар» домалады… 

Бүгінде мамандар насыбайдың да адамға зиянды тұстарын жиі айта бастады. Дәрігерлер оның құрамындағы темекінің ұнтағы, кәдімгі құрылыстағы әктегіш ұнтақ секілді улы заттар ауыз қуысын, ернін зақымдап, асқазан жарасына, ауыз қуысы обырына әкеп соқтыратынын айтады. 

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қанатты сөзге шындап мән беретін кез келді.

Ерлан ҚУАНДЫҚ.

Қатысты жаңалықтар

XVI чемпионат Азии: Шымкент принимает крупнейшие соревнования по стрельбе

Damu info

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық саны азайған

Damu Info

Туризм тек зияратпен шектелмейді

Damu Info